Олжас Бектенов Минскіде Александр Лукашенкомен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларусь Республикасына ресми сапармен барды. Сапар аясында Үкімет басшысын Беларусь Президенті Александр Лукашенко қабылдады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Олжас Бектенов Александр Лукашенкоға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.
Кездесуде Қазақстан мен Беларусь арасындағы ұзақ жылдарға негізделген достық, өзара құрмет пен жоғары деңгейдегі сенімге арқау болған қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі талқыланды. Екі мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызды негізі екені атап өтілді.
Үкіметаралық келіссөздер барысында Олжас Бектенов пен Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимыл және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
– Беларусь – Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Бізді ұзақ жылғы ортақ тарихымыз, өзара құрмет, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың арасындағы үлкен сенім мен тұрақты байланыстарға негізделген қатынастарымыз байланыстырады. Біздің үкіметтеріміздің міндеті – көшбасшыларымыз арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды қарқынды түрде жүзеге асыру. Бұл бағытта оң динамика бар. Өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайта түсуге, жеткізілетін өнімдердің, оның ішінде теміржол машинасын жасау саласындағы тізбесін кеңейтуге тың мүмкіндіктер бар, – деді Олжас Бектенов.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы шамамен 1,2 млрд долларды құрады. Биылғы жеті айда бұл көрсеткіш 723 млн долларға жетті. Өткен жылы өзара сауда 27,7%, ал биылғы жеті айда 20% өскен.
Өнеркәсіптік кооперация аясында құны 200 млн доллардан асатын 13 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Қазақстанда «Беларусь» тракторлары, «Гомсельмаш» комбайндары, автомобиль және басқа да техника өндірісі жолға қойылған.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық та талқыланды. Қазақстан Беларусь нарығына күнбағыс, мақсары және рапс майларын, сондай-ақ дайын бакалея өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Көлік-транзит саласында биылғы жеті айда екі ел арасындағы теміржол тасымалы 18,7% өсіп, 4,8 млн тоннаға жетті. Тараптар логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту перспективасын қарастырды.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастың жүйелі дамып келе жатқанын және ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша оң динамика бар екенін атап өткен еді.