Олжас Бектенов шаруалармен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС цифрлық сүт-тауар фермасы, «Қызылжар Жем» ЖШС шаруашылығы және «Eurasian milk» ЖШС сүт өңдеу зауытына барды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

в
Фото: Үкімет

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр және еліміздегі сүт өңдеу көлемінің шамамен 1/6 бөлігін қамтамасыз етеді.

Есіл ауданы Корнеевка ауылында Олжас Бектенов «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС заманауи цифрлық сүт-тауар фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің айтуынша, фермада 2,5 мың сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сиыр бар. Голштин-фриз тұқымды мал Мажарстан, Германия, Дания және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысына бейімделген Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал биыл күзде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізіледі.

а
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі шамамен 3 мың тонна болды. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндады. Өңірде 118 сүт-тауар фермасы, 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде қуаттылығы жылына 600 млн жұмыртқадан асатын 6 жұмыртқа бағыты бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6% өсіммен 208 млрд теңге болды. Ет өндірісі 82 мың тоннаға, сүт 382 мың тоннаға, жұмыртқа 631 млн данаға жетті. 

Премьер-министр Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сүт-тауар фермаларын дамыту Президенттің АӨК-дегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі нақты міндетіне сәйкес келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, қайта өңдеу үшін шикізат базасын кеңейтеді әрі ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамту ісін қалыптастырады.

сиыр, ферма
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бері ветеринария саласы кейінгі 14 жылда алғаш рет жүйелі дамуға қажетті қаржы алды. Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды.

– Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр. Соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды, қолайсыз пункттер 7 пунктке төмендеді деген ұйғарым алдық. Аурудың күрт өршу ошағы қысқарды. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Ветеринариялық пункттердің құрылысы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ветеринариялық саулықты сақтауға елеулі қолдау болмақ, оларда ветеринариялық манипуляциялардың барлық спектрі жүргізіледі, - деп баяндады Марат Тасмағанбетов.

Аайта кетейік, елімізде жылына барлығы шамамен 1 млн тонна сүт өндіретін 373 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау үшін жылына шамамен 600 мың тонна сүт өндіретін 116 заманауи сүт-тауар фермасын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 71 ферма пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 19 ферманың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан сүт кластерін дамытуда көш бастап тұрғанын жазған едік.