Олжас Бектенов түрік инвесторларын жаңа жобаларға инвестиция салуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі түрік инвесторларының өзара тиімді ұсыныстарын қолдауға дайын. Бұл туралы Қазақстан-Түркия инвестициялық дөңгелек үстел отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. 

Олжас Бектенов түрік инвесторларын жаңа жобаларға инвестиция салуға шақырды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

– Инвесторларға арналған салықтық және кедендік жеңілдіктер, заттай түрдегі гранттар және тағы сол сияқты преференциялардың алуан түрі көзделген. Мысалы, басым салаларда құны 60 млн доллардан асатын инвестициялық жобалар үшін қазақстандық заңнаманың 25 жылдық тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі бар. Бүгінде осындай 53 келісімге қол қойылды. Сонымен қатар елімізде бизнес жүргізу шарттарын жеңілдету мақсатында цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Атап айтқанда, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және прокурорлық сүзгі сияқты құралдар инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергілерді жоюда. Жалпы алғанда, осы аталған қолдау шаралары түрік әріптестеріміз үшін Қазақстанда жаңа жобаларды табысты іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Қазақстан тарапы инвесторларға қажетті ресурстарға кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге, консультациялық және инфрақұрылымдық, сорндай-ақ өнімдерді одан ары экспорттауға қолдау көрсетуге дайын екенін баса айтты.

– Осы мүмкіндіктерді пайдала отырып, бауырлас қазақ еліне жаңа жобаларға инвестиция салуды жалғастыруға шақырамын. Өз кезегімде Премьер-министр ретінде сіздердің тараптарыңыздан болатын өзара тиімді ұсыныстарды қолдайтындығымызға және Үкімет тарапынан қажетті шешімдерді қабылдайтындығымызға кепілдік беремін, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бүгін Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз бен Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысы өтті. Іс-шара барысында Олжас Бектенов Қазақстанның Түркиямен тығыз ынтымақтастыққа дайын бағыттарын атады.

Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін хабарлаған едік.