Олжас Бектенов Үкімет жұмысының басты бағдарын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Заң мен тәртіп қағидаты Үкімет жұмысының басты бағдарының бірі болады. Бұл туралы бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

а
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов алдымен жоғары сенім көрсетіп, екінші мәрте Премьер-министр лауазымына тағайындаған Президентке, сондай-ақ қолдау көрсеткен бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарына алғысын білдірді.

— Біздің өзара бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының «Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру» міндетін жедел және сапалы орындауға бағытталады деп сенемін. Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі бастау алған ел дамуының аса маңызды кезеңінде Үкіметті басқару мен үшін айрықша жауапкершілік. Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандыра отырып, инфляцияның деңгейін төмендетеміз, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы бүкіл еліміз бойынша маңызды жобалардың құрылысы басталғанын айтты.

— Ауқымды құрылыс бағдарламасы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады. 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып белгіленді. Тапсырмаларды жедел әрі сапалы орындауымыз үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасын табады. Сонымен қатар, заң мен тәртіп қағидаты Үкімет жұмысының басты бағдарының бірі болады, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Құрылтай отырысында депутаттар Вице-Президент лауазымына ұсынылған Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады

Сонымен қатар Олжас Бектеновтің Премьер-министр лауазымына тағайындалуына келісім берді.