Олжас Бектенов жылу желілерін жөндеу турасында: ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті.

Олжас Бектенов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталды. Электр станцияларындағы технологиялық бұзылуы деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға азайды.

- Аталған фактілер өткен қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының едәуір жоғары болғанын білдіреді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл электр станцияларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды іске асырылып жатыр. Тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, аталған шаралар желілердің тозу деңгейін тиісінше 48 және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

- Енді келесі жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету керек. Бұл – өңірлердің алдында тұрған негізгі міндет. Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет. Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Жаз бойы жұмысты күшейтіңіздер. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Өткен аптада Скляр Роман Васильевич барлық өңірлердің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары басшыларының есептерін тыңдады. Бүгінде Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды, - деді Премьер-министр.

Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды.

- Осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет, - деп тапсырды О. Бектенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында 2025 жылы электр энергиясын тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВт/сағатқа немесе 3,8 пайызға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құрады.