Олжас Сүлейменовтің немересі көз жұмған көлік апатына қатысты сот отырысы кейінге шегерілді
Айта кетсек, Астана қаласының Есіл аудандық №2 сотында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменовтің жол апатынан көз жұму жағдайы бойынша сот процесі бүгін басталған болатын.
Жәбірленуші тарап куәгерлердің бәрі сотқа келе алмағандықтан, сот отырысын кейінге шегеруді сұрады.
«Сот жәбірленуші тарапының өкілі Сандинов Дамир Нұрахметұлының өтінішін мақұлдай отырып, қылмыстық істі қарауды 17 қазан күні сағат 15:00-ге ауыстырады», - деді судья Қанат Тобағалиұлы.
Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жан түршігерлік жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Апат 22 маусым күні Астанадағы «Мәңгілік ел» даңғылы мен «Керей мен Жәнібек хандар» көшесінің қиылысында болған. Мотоцикл тізгіндеген Ескендірді белгісіз көлік қаққан.
Арада көп өтпей Астана қалалық ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін «Hyundai» автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық әйелге қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ Астана қаласының Ішкі істер департаменті Олжас Сүлейменовтің немересі - Ескендір Сүлейменовті көлігімен қағып өлтірген жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.