Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған «Ұлт игілігі – ұлттық мұра» әдеби көрмесі ашылды

АҚТАУ. KAZINFORM – ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады. 

Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған «Ұлт игілігі – ұлттық мұра» әдеби көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мерейтой аясында «Ұлт игілігі – ұлттық мұра» атты кең көлемді әдеби көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы, алғашқы басылымдары, сондай-ақ ақынның өмірі мен қызметіне арналған мерзімді баспасөз жарияланымдары ұсынылды.

Сонымен қатар әр жылдары жазылған туындыларды қамтыған «Книга поэм» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Жинақта автордың уақыт, қоғам, тарих және адам тағдыры туралы толғамдары көрініс тапқан.

Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған «Ұлт игілігі – ұлттық мұра» әдеби көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шара соңында ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған режиссер Игорь Гонопольскийдің «Людям я не лгал…» деректі фильмі көрсетілді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстандағы кітапханалар 240 мыңнан астам әдебиетпен толыққанын хабарлағанбыз.