Оман Иранға Ормуз бұғазын бірлесіп басқарудың жаңа тетігін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленісті төмендетуге бағытталған дипломатиялық күш-жігер аясында өңір елдері бұғазды басқарудың жаңа тетігін талқылап жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі хабарлады.
Оман Иранға Ормуз бұғазын бірлесіп басқаратын өңірлік басқару тетігін құру туралы ұсыныс жасады. Бастамаға сәйкес, Тегеран әлемдегі ең маңызды теңіз сауда жолдарының бірі саналатын бұл бұғазды жеке дара бақыламайды.
Бұл туралы Reuters агенттігі Парсы шығанағындағы елдердің біріндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Oman presented regional mechanism for Hormuz to Iran, source says https://t.co/23eqhvKEH9 https://t.co/23eqhvKEH9
— Reuters (@Reuters) July 28, 2026
Агенттіктің мәліметінше, жоба Парсы шығанағы мемлекеттерінің қолдауына ие болған. Ол Индонезия, Малайзия және Сингапур бірлесіп басқаратын Малакка бұғазының үлгісі негізінде әзірленген.
Ұсынысқа сәйкес, кемелер навигацияны дамытуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және іздестіру-құтқару жұмыстарын қаржыландыруға арналған арнайы қорға ерікті түрде жарна аудара алады. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін міндетті төлем енгізу қарастырылмаған.
Ормуз бұғазы Парсы шығанағы мен Оман шығанағын жалғап, әлемдік энергетикалық ресурстар саудасындағы ең маңызды теңіз бағыттарының бірі саналады. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс басталғанға дейін әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы осы бұғаз арқылы тасымалданған.
Reuters мәліметінше, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының болашақтағы тәртібі қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердегі негізгі түйткілдердің бірі болып отыр. Иран бұғазда соғысқа дейінгі еркін кеме қатынасы режимі қайта орнамауы керек деп есептейді. Ал Парсы шығанағы елдері кемелерден міндетті алым алу бастамасына қарсы.
Бұған дейін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оман және Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесіп, Ормуз бұғазындағы жағдайды талқылады.
Iran, Oman, Saudi FMs discuss regional developments, stress diplomatic efforts for stabilityhttps://t.co/uyEpL91BvL pic.twitter.com/v25rHxHUPR
— IRNA News Agency ☫ (@IrnaEnglish) July 28, 2026
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тараптар өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аймақтық ынтымақтастықты күшейтіп, дипломатиялық күш-жігерді жандандырудың маңызын атап өтті.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасында «сындарлы келіссөздер» жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол келіссөздер нәтижесіз аяқталса, әскери соққылар қайта жалғасуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылдардың уақытша тоқтауынан кейін мұнай бағасы күрт төмендегені хабарланған болатын. Сондай-ақ Иран мен Оман Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылаған еді.