Омбы-Майқапшағай тасжолында сұйытылған газ тасымалдап келе жатқан жүк көлігі аударылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Омбы-Майқапшағай тасжолының Абай облысы аумағында 6 тонна сұйытылған газ тасымалдап келе жатқан жүк көлігі аударылып түсті.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тасжолының 972-шақырымында болған.
— Семей қаласынан Ақсуат ауылына бағыт алған «ЗИЛ-130» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі 6 тонна сұйытылған газ тиелген цистернаны тасымалдап келе жатқан. Кенет ол рульді басқара алмай қалып, жолдың оң жақ жиегіне шығып кетті. Соның салдарынан жүк көлігі аударылып қалды, — делінген ақпаратта.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде көлік жолдан шығарылып, қайта тұрғызылды. Абырой болғанда, жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен-Семей тасжолында қараусыз мал кесірінен 14 жол апаты болғаны хабарланған.