Омбудсмен мен ЮНИСЕФ өкілі әйелдер түрмесіндегі балалар үйінде болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныймен бірге Алматы облысының Жауғашты кентіндегі (ЛА-155/4) әйелдер колониясына барды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Омбудсмен мен  ЮНИСЕФ өкілі әйелдер түрмесіндегі балалар үйінде болды

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, халықаралық ұйым өкілдері бет алған түзеу мекемесі - аумағында балалар үйі орналасқан Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесіндегі жалғыз мекеме болып табылады. Сапардың мақсаты - бас бостандығынан айыру орындарында жас балаларға қатысты мәселелерді зерделеу болды.

Белгілі болғандай, осы мәселеге байланысты түрлі ұсыныстар соның ішінде, балалар үйін түрме аумағынан шығару, сондай-ақ жүкті әйелдерге және кішкентай балалары бар әйелдерге жазасын кейінге шегеруді қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар берілді.

Мекемедегі сотталған аналармен және түрме әкімшілігімен өткізілген әңгімелесулер ананың баласымен ажырауы біржолата теріс салдарға әкелуі мүмкін деген көзқарасты растады, себебі табиғи және қажетті тұрақты байланыс анаға оң әсерін тигізеді және баланың толыққанды дамуы үшін қажетті алғышарттар жасайды.

Бостандығынан айырылған әйелдің өтініші туралы БҰҰ-ның жалпыға бірдей танылған стандарттарына сәйкес (Н. Манделаның ережесі және Бангкоктік ереже) баланы түрмеде ата-анасының бірімен бірге қалдыру туралы шешім баланың ең жақсы мүдделеріне негізделуі тиіс.

Шет мемлкеттердің тәжірибесін талдау, бас бостандығынан айыру орындарында ана мен баланың қарым-қатынасын белгілі бір жасқа толғанға дейін олардың бірлесе өмір сүруін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетіп отыр.

Қызметкерлердің жалақысының төмендігі және мекеменің қаладан алыстығына байланысты балалар үйінде кадрлық соның ішінде, білікті медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Омбудсмен және ЮНИСЕФ өкілімен уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін бірқатар тиісті ұсыныстар әзірленді.