ОМБУДСМЕН ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК – ПРЕЗИДЕНТ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек. Бұл туралы 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Адам құқығын қорғау саласы дәйекті түрде жетілдіруге тиіс. Оны институцоналдық және ұйымдастыру жағынан нығайта түсуіміз қажет. Мысалы, бізде омбудсмен институты бар. Бірақ, ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек. Бұл заң аталған институттың қызметін барлық бағыттар бойынша реттейді. Тиісті мамандар болмаса және ұйымдастыру жұмыстары жасалмаса омбудсмен қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қиынға соғады», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті адам құқықтарына байланысты негізгі мәселелер өңірлерде байқалып отырғанын баса айтты.
«Жергілікті биліктің үсінен арыз-шағымдар көп түседі. Сондықтан омбусдмен институтын ең алдымен аймақтарда күшейту қажет. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.