Омбудсмен жекеменшік балабақшаға лицензия енгізуді қайта қарауды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Омбудсмені Білім және ғылым министріне Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген мектепке дейінгі мекемелердің мәселелеріне байланысты үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Омбудсмен жекеменшік балабақшаға лицензия енгізуді қайта қарауды ұсынады

«Мемлекет басшысы баланың тұлға ретінде қалыптасуына мектепке дейінгі кезеңнің маңыздылығын атап өтіп, балалардың дамуына, балаларға арналған мекемелерде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назарын аударды. Айта кетерлігі, Президент бір жыл бұрын Парламент отырысында әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша  мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейтуді көтерген болатын. Осы бағыттағы шағын бизнесті дамыту мақсатындағы қамтылған тиімді тетіктер жекеменшік бақшалар санын көбейтуге септігін тигізді. Нәтижесінде мектепке дейінгі балалардың орынмен қамтылуы 2,5 есеге артты. Бүгінгі күні 3-6 жастағы балалардың 95 % мектепке дейінгі біліммен қамтылған», - дейді омбудсмен.

Дегенмен, оның пайымынша, жекеменшік бақшалардың жұмысын талдау барысында олардың жұмысы жеткілікті деңгейде талапқа сай келмейтіні анықталған. Бұған Елбасы да алаңдаушылық білдірген еді. Бұл ретте омбудсмен мектепке дейінгі мекемелерде балаларға қатысты қатыгездік оқиғаларының жиілеп кеткенін алға тартады. «Астана қаласындағы «Асыл» балабақшасында, Алматы қаласындағы «Симба» балабақшасында, Павлодар облысының Ақсу қаласындағы балабақшада, сондай-ақ басқа мектепке дейінгі мекемелерде орын алған бірқатар оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осының өзі балаларға арналған мекемелерде жүйелі проблемалар бар екенін, оларды шешу бойынша тиімді шаралардың жоқтығын көрсетеді.  Сонымен қатар, көп жағдайда балабақша әкімшілігі жауапкершілікке тартылмайды, өз қызметін бұрынғы режимде жалғастыра береді. Бұны Ақмола облысында балабақша тәрбиешісінде туберкулездің анықталуына қатысты оқиға растай түседі», - дейді омбудсмен.

Сонымен қатар, Асқар Шәкіров Президент Жолдауындағы балабақшалар қызметкерлеріне қатысты біліктілік талаптарын қайта қарау туралы тапсырмасы өте маңызды екенін атап өтеді.

Бұдан бөлек, омбудсмен тиісті ведомствоның осы мәселе аясында «жол картасын» әзірлеу барысында мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметті лицензиялауды алып тастаудың тиімділігін жанжақты талдауды ұсынады.

«Балабақша қызметінде лицензиялауды жою бизнестің осы бағытын ынталандырғаны сөзсіз. Алайда қалыптасып жатқан тенденцияға байланысты қоғам үшін оның зардаптары әрине одан жоғары тұр. Сондай-ақ, бұл мекемелер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қоғам өкілдерінің тұрақты мониторинг жүргізу қызметін жақсарту керек», - делінген баспасөз баянында.