Омикрон жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайды- оториноларинголог

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Коронавирустың «омикрон» штаммы алдымен жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатын зақымдайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана емханасының оториноларинголог (ЛОР дәрігері) Жанерке Әбдіқалықова айтты.

Омикрон жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайды- оториноларинголог

Дәрігердің айтуынша, «омикронның» басты белгілерінің бірі – жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы, басқа да клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, тамақ ауруы және жөтел.

«Омикронның» белгілері жіті респираторлық инфекцияға ұқсас, екі жағдайда да емдеуді аурудың алғашқы күнінен бастаған абзал. Көп мөлшерде су ішіп, натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісімен тамақты жиі шаю керек. Дене қызуы көтерілсе ибупрофен немесе парацетамол қолдануға болады. Егер температура 38 градустан жоғары және 3 күнге дейін сақталса, онда дәрігер кеңесіне жүгіну қажет. Коронавирустың жаңа штамын емдеу науқастың жасына, денсаулығына, патологиялық процестің ауырлығына және асқыну қаупіне байланысты болады. Бірақ өзін-өзі емдеуге мүлдем болмайды»,- дейді дәрігер.

Сондай- ақ ол антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қолдануға болмайтынын баса айтты.

« Омикрон - бұл вирус. Антибиотиктер вирусқа қарсы әсер етпейді, олар тек бактерияға қарсы әсер етуі мүмкін. Бұл ішек микрофлорасының бұзылуына әкеледі. Коронавирустың жаңа түрін емдеу үшін антибиотиктерді қолданудың қажеті жоқ. Олар тек бактериялық инфекцияны емдеу үшін дәрігердің тағайындауы бойынша беріледі»,- деп түсіндірді Жанерке Әбдіқалықова .

Оториноларингологтың сөзінше, вирустың бұл нұсқасына немқұрай қарауға болмайды. Бұл инфекциялардың алдын алу үшін бәрімізге сақтық шараларын сақтау керек.

«Омикрон тез тарайтын болғандықтан, алдын алу шаралары бұрынғыдан да өзекті. Қоғамдық орындарда маска тағу, қол гигиенасын сақтау (қолды жуу), антисептиктерді қолдану, адам көп жиналатын орындардан барынша аулақ болу және тағы басқалары»,- дейді спикер.

Сөз соңында дәрігер бұл індеттің таралуын азайтудың және қорғанудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін еске салды.