Өмір бойы бас бостандығынан айыру институты біртіндеп өлім жазасынан толығымен бас тартуға жағдай жасайды - М. Жарбосынова

АНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Өмір бойы бас бостандығынан айыру институты біртіндеп өлім жазасынан толығымен бас тартуға жағдай жасайды. Бүгін «Қазақстандағы өмір бойы бас бостандығынан айыру институты: реформалау мүмкіндіктері» атты тақырыпта өтіп жатқан конференция барысында Сыртқы істер министрлігі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова осылай мәлім етті.

Өмір бойы бас бостандығынан айыру институты біртіндеп өлім жазасынан толығымен бас тартуға жағдай жасайды - М. Жарбосынова

«Қазақстанда Мемлекет басшысының өлім жазасына мораторий енгізу туралы жарлығына сәйкес, 2004 жылдан бері елімізде Конституцияға тиісті өзгерістер енгізілді. Бұндай өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы бірқатар заңдарға да толықтырулар жасалды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылу қажеттілігі туралы мәселелер талқылануда», - деді М. Жарбосынова.

Сонымен бірге, елші Қазақстанның ағымдағы жылғы қыркүйекте өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияның құрылтайшы-мемлекеттер тобына қосылғанын жеткізді. «Аталған комиссияға ағымдағыжылы Испания елінің үкіметі бастамашылық жасады. Бұндағы мақсат әлем елдері бойынша өлім жазасын толық жою болып табылады. Ал Қазақстанның осы комиссияға қатысуының өзі біздің еліміздің осы бағыттағы ниетін, ерік жігерін, адами өлшемдер саласындағы жалпылама мойындалған стандарттарды ұстанатындығын көрсетіп отыр», деді М. Жарбосынова.

Оның айтуынша, өмір бойы бас бостандығынан айыру институты өлім жазасына кесуді мейлінше төмендетіп, одан толығымен бас тартуға мүмкіндіктер жасайды.