«Өмір сүру құқығы» І Республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда онкология бойынша БАҚ өкілдері арасындағы «Өмір сүру құқығы» деп аталатын І Республикалық байқаудың қорытындысы жарияланды.

 «Өмір сүру құқығы» І Республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Оны Қазақстандағы Хофманн-Ля Рош Лтд компаниясының қолдауымен Қазақ онкология және радиология ғылымыи-зерттеу институты ұйымдастырған болатын. Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев бастаған комиссия қарауына республиканың түрлі аймақтарындағы  25 журналистің   2010 жылдың 1-қаңтарынан 2011 жылдың 31-желтоқсанына дейін жарық көрген 47 жұмысы келіп түскен.

Онда «Баспа беттеріндегі ең үздік материал» аталымы бойынша «Айқын» газетінен  алматылық Ақерке Алпарова жеңімпаз атанды. 2-3 орынды «Ару Жан» журналынан алматылық Александра Коломеец пен  «Прикаспийская коммуна» газетінен  атыраулық Евгения Валишева иеленді.

«Ең үздік телевизиялық материал» аталымында 7 арнаның «Нысана» бағдарламасынан астаналық Айнұр Омар, «Асыл арна» телеарнасынан алматылық  Айнұр Асанова және «Таң» телеарнасынан алматылық О.Труфанова үздік үштіктің қатарынан орын алды.

Ал «Радиоэфир немесе ғаламтордағы басылымдардағы ең үздік материал» аталымында «Қазақ радиосынан» алматылық А.Өмірбеков бірінші, «Миллионер» газетінен Л.Нода екінші, «VOX POPULI» фоторепортаждар сайтынан Я.Зенкис үшінші орын алды.