«Өмірбаяндық көркем фильм неге өз дәрежесінде емес?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 23 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Өмірбаяндық көркем фильм неге өз дәрежесінде емес?» - баспасөзге шолу

***

Ақсу қаласының Алғабас ауылының тұсындағы жол бұрылысы арқылы Ақтоғай, Ертіс аудандарына бара аласыз. Бұрылыс бәленбай жылдан бері ой-шұңқырдан көз ашпай тұр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, Алғабас ауылымен қатар көрші ауылдың әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, бұрылыс тіпті де жергілікті әкімдіктердің құзырында емес. Бұрылыс Екібастұзға, Баянауылға, Астанаға баратын жол өтетін айналма көпірге таяу жерде. Жарқыраған жарық шамдары жоқ көпір түнде көрінбейді. Көпірдің әр жаққа қарай жолдар өтетін айналасына күрделі жөндеудің жылдар бойы жасалмағаны көрініп тұр. Өткен жылы басталған Павлодар - Астана жолының құрылысы дәл осы ауылдың тұсынан өтеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы жоқ па, жолдың екінші бағыты жабық. Ал, әкімдері бар, басқарма басшылары бар әлі күнге дейін ауылдарға алып баратын бұл бұрылысты «сен жөнде, мен жөндемен» бір-біріне сілтеп отырған сияқты. Ауылдағы үлкен-кіші, кәрі-жастың, бала-шағаның амандығы - әкімдердің міндеті. Мың шұңқырлы бұрылыспен ауылдарға автобустар, жекеменшік таксилер жүретінін ескеру керек. Қазір екі күннің бірінде жол-көлік оқиғалары болып жатады. Жаман айтпай жақсы жоқ. Сондықтан, Алғабас ауылының жанындағы қауіпті бұрылысқа шұғыл жөндеу қажет. Жолдың бұрылысы екі аудан мен Ақсу қаласына ортақ.

«Біз хабарласқан Қанат Қашқиров басқаратын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «бұл бұрылыс біздің жол емес, облыстық маңызы бар жолдар қатарында жоқ», деп шықты. Жарайды делік, ой-шұңқырлы бұрылыс пен алып көпір Ерсін Сариев басқаратын еліміздің «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалына қарайтынын білдік. Олай болса, жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізбей «Қазавтожол» АҚ қайда қарап отыр?..» - дейді мақала авторы. Мақала «Бұрылыстағы жол қашан жөнделеді?» деген тақырыппен берілген.

«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында « Ел мен Елбасының абыройы үшін қызмет ету - міндет » деген тақырыппен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен болған сұхбат беріліп отыр.

«Қырымбек Көшербаев облысқа келгелі оның тыным тауып отырғанын көрмедік. Бір күні Аралда жүрсе, екінші күні Жаңақорғанның бір ауылын аралап қайтқанын естисің. Қысқасы, уақыты минутына дейін белгіленіп қойған. Елбасы сеніп тапсырған аймақтың баянды болашағы үшін жанын аямай жұмыс істеуде. Қызметке алғаш келгенінде қарамағындағыларға «Мен жұмыс барысында өзімді аямайтын адаммын. Сондықтан, сіздерді де аяйды деп ойламаңыздар» дегенін естіген едік. Осы сөзі рас болып шықты», - дейді сұхбат авторы.

Ал Жолдауға қатысты қойылған сұраққа Қ. Көшербаев «Биылғы Жолдауда Елбасы ел идео­логиясының темірқазығындай етіп алған «Мәңгілік Ел» идеясы баршамызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұлттық ұлы ұранға айналуы тиіс. Осыдан әрқайсымыз ой түйіп, Тұңғыш Президентіміз айтқандай, қазақ елінің, қазақ тілінің мәңгілік болуына аянбай еңбек етуіміз керек. Елбасы белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясы ұлттың ұлы бағдары екені анық. Елулікті еңсердік, енді дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуді мұрат етіп отырмыз. Осы «Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз, абыройлы міндет», деп Елбасы ашып айтты. Ендеше осы ортақ мақсатқа жұмылып, аянбай атсалысуға Сыр бойының халқы дайын екенін мәлім еткім келеді.

Тағы бір айтарым - Елбасының ресми мәжілісті, халыққа Жолдауын «сүйікті халқым» деген жүрекжарды тілегімен аяқтауы болашаққа деген үмітімізді бекітіп, сенімімізді арттырады, ел бақыты жолында аянбай еңбек етіп жатқан ердің ақжарма тілегі әрбір қазақстандықты қанаттандырды деген сенімдемін», - деп жауап берген.

***

Кино - ең керек тәрбие құралы. Әсіресе, кітап оқуды қажет етпейтін тіршілігінің дені теледидар мен ғаламторға байлаулы жастар қоғамында аса қажеті саналатын құрал. Қазірде жас буынның Маргарет Тэтчер, Стив Джобс, Юрий Гагарин және тағы басқаға ұқсағысы келетіні сол тұлға хақында өмірбаяндық жанрдағы фильмдердің сәтті шығуымен тығыз байланысты болса керек. Бұл туралы «Айқын» газеті «Өмірбаяндық көркем фильм неге өз дәрежесінде емес?» атты мақаласында жазып отыр.

Басылымның жазуынша, Қазақстанда биографиялық көркемсуретті фильмдер жасау үрдісі өз деңгейінде емес дейді мамандар. Не себепті? Бізде аталған тақырыпта туынды жасау үшін неге мән беру керек? Осы сұрақтар төңірегінде кино саласы мамандарының бірнеше пікірлері берілген екен.

Мәселен, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің ойынша, өмірбаяндық тақырыпта көркем фильм жасау қазақ кино саласы үшін аса қажет. «Өкінішке қарай, қазір бұл сала бізде ақсап тұрған жайы бар. Ең басты себеп қаражаттың болмауына байланысты. 1 сомға 10 сомдық дүние жасай алмаймыз ғой. Әрине, режиссердің таланты өте маңызды. Дегенмен қаражат болмаған жерде тек талантпен жақсы туынды жасау мүмкін емес», - дейді ол.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, Ақтөбе қаласында келін жағы күйеу балаларын сотқа берген. Себебі жігіт ұзатудан кейін қалыңдығына үйленуден бас тартыпты. Облыстық сотта істейтін жігіт жүріп жүрген қызының аяғы ауыр болып қалған соң, үйленбек болады. Қыздың ата-анасы 100-ден астам қонақ шақырып, ұзату тойын жасаған. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмаған. Ұзату тойы өткеннен кейін жігіт айнып, қызға үйленуден бас тартқан. Мақала «Иск - благородное дело» деген тақырыппен беріліп отыр.