Өмірге қауіпті оқулықтар еркін саудалануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде кітап тапшылығы өз алдына, енді базарларда самсып тұрған көшірме оқулықтар балалардың денсаулығына қауіп төндіруде.
None
None

Жалпы кез келген дамыған мемлекет оқулықтардың сапасынан бөлек, оның санитарлық-гигиеналық талаптарына да аса мән береді, қадағалайды. Мәселен, бізде балалардың кітаптарына қойылатын гигиеналық талаптар деген бар. Бірақ, бір қызығы мұндай талап туралы былайғы жұрт біле бермейді. Әсіресе, «мектеп оқулықтарына қойылатын гигигеналық талаптар қатаң сақталуы тиіс» дегенімізбен, мұны кімнің қадағалауға алатыны белгісіз.

Бір ғана мысал, оқулық тапшылығы салдарынан балаларына кітап іздеген ата-аналар бүгінде баспа дүкендеріндегі ұзын-сонар кезектен қашып, базар жағалап жүр. Өйткені, арнайы кітап дүкендерінен таба алмаған оқулықты жайма базардан еш қиындықсыз сатып алуға болады. Әрине, түпнұсқасын емес. Әсіресе, бастауыш сыныптарға арналған кітап жиынтықтарын түрлі-түсті көшірмеден қайта басып шығарып, оны баспадағы бағасынан екі есе қымбатқа сатуда.

Ата-аналар іздеген оқулығының табылғанына мәз. Ал, ұстаздар қауымы ата-аналардың қыруар ақшаға сатып алып келген оқулықтарын «жарамсыз» деп айтуға аузы бармайды. Тіпті, кейбір ұстаздар мұндай арзанқол қағазға қайта басылған кітаптардың гигиеналық талаптарға жауап бермейтінен хабарсыз.

«Оқулықтарға арналған қағаз - баспа белгілері мен фонның арасындағы қарама-қарсы түстердің жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін ақ немесе аздап сарғыш түсті болуы керек. Қағаз беті тегіс және жарықтың шағылысуына кедергі келтірмейтіндей өте жылтырамауы тиіс. Кедір-бұдырлы жұмсақ қағаз ылғалды тез сіңіреді және ұзақ уақыт бойы сақталатын патогенді микроорганизмдерді, органикалық лас заттарды өзінде ұстап қалады» бұл мектеп оқулықтарына қойылатын бірқатар талаптардың бірі ғана. Кітаптардың қағазына арнайы зерттеу жүргізген ғалымдар сапасыз қағазға басылған оқулықтардың беттерінде туберкулез таяқшалары 5 айға, дифтерия қоздырғыштары 3 айға, гемолитикалық стрептококктар бір айға дейін өмір сүре алатындығы анықтаған. Яғни, мұндай сапасы оқулықтар жұқпалы ауруларды тарату мүмкіндігі көп. Ал, енді базардан алынған көшірме оқулықтарды көзбен көріп, қолмен ұстап көрсеңіз, оның сапасы жоғарыдағы талаптарға мүлде қарама-қарсы екенін аңғарасыз. Бояулары солғын, қағазы жыртылуға шақ тұр. Әріптері де айқын емес. Бір таңқаларлығы, атағы дардай баспалардың өнімдерін көшіріп басып, шаш етектен пайда тауып жүрген саудагерлерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» көрмейсіз. Баспагерлер де базарлардағы бұл бассыздыққа көз жұмып, авторлық құқықтарын даулап жатқан жоқ. Нәтижесінде, балаларымыз сапасыз оқулықтардан білім алып қана қоймай, күн сайын өмірлеріне төнетін қатермен бетпе-бет келуде.

Соңғы жаңалықтар