Өмірзақ Шөкеев Алматыда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлерді аралап, жұмыс барысымен танысты

АЛМАТЫ. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Алматыға жұмыс сапармен келіп, оның аясында Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы бойынша қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлерді аралап, жұмыс барысымен танысты.

Өмірзақ Шөкеев Алматыда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлерді аралап, жұмыс барысымен танысты

Сонымен қатар «Сайран» ықшам ауданында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан «2-ші квартал», «20-шы квартал», «29-шы квартал» және «42-ші квартал» тұрғын үй нысандарының және Қарасай ауданындағы «Премьер» тұрғын үй нысанының жұмысымен танысты.

Жалпы, бүгінгі күні қала бойынша 40 үйге қайта жөндеу жұмыстары жасалмақ. Ө.Шөкеевтің айтуынша, бұл үйлердің барлығы жекеменшікке өтіп кеткендіктен, оларды қайта жөндеу жұмыстарын жасауда барлық қаржыны Үкімет бөле алмайды. Алайда үй тұрғындары мен Үкімет бірлесіп, бұл үйлерге жөндеу жұмыстарын жасауға бел буған. «Биыл басталған бұл жұмыстың әр қырына мән беріп, келесі жылдан бастап бұл істің ауқымын 2-3 есеге көтерсек деген ойдамыз. Оған биыл мемлекет қаржысынан республика бойынша 7,5 миллиард теңге бөлінсе, келесі жылы 16 миллиард бөлінбек. Бюджетті нақтылаған кезде бұл көрсеткішті тағыда көтерсек деген ойдамыз», -деді Ө.Шөкеев.

Сонымен қатар, ол тұрғындар күннен-күнге бұл бағдарламаға сенім артып, қолдау көрсетіп жатқандығын жеткізді.