Өмірзақ Шөкеев: ҒЗИ-да жоғары жалақыны тек ортақ іске үлес қосқандар ғана алуы тиіс

«Біз барлық уақытта да аграрлық ғылымдағы кадрлардың жастары ұлғайып бара жатқанын айтып келеміз. Осыған қарай онда жалақыны да жасына қарай алу сияқты дәстүр қалыптасқан. Олай болмауы тиіс. Сондықтан біз мұны бұзатын боламыз. Жаңа буын келді және институт директоры барлығынан жоғары жалақы алуы міндетті емес. Зор үлес қосатын кез келген ғалым директорға қарағанда жоғары ақы алуы керек. Шеніне қарай емес, ортақ іске қосқан шынайы үлесіне қарай», - деді Ө.Шөкеев министрліктің кеңейтілген мәжілісінде.
Министрдің айтуынша, бұл үшін 19 институттың басшысы ауыстырылды.
Ал Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаевтың айтуынша, жаңадан тағайындалған 19 басшының 8-і жастар болып отыр. Жалпы, еліміздің ғылыми-зерттеу институттарына 35 жасқа толмаған 584 жас ғалым тартылған.
«Ғылыми бағдарламалар аясында 2018 жылы 31 шетелдік маман тартылды. Отандық ғалымдарды халықаралық деңгейге көтеру үшін жұмыс тілі ретінде ағылшын тілі енгізілетін болады. 300 жас докторантураға оқуға, сонымен қатар тағлымдамадан өтуге жіберіледі», - деді ол.