Өмірзақ Шөкеев: Игерілмеген жерлер қатаң бақылауда болады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Шардара ауданына барып, бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.
Ауыл тұрғындармен кездескен аймақ басшысы ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіріп, кооперативтендіруді қолға алу керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір басшысы Жаушықұм ауылдық округіндегі «Тұрар» шаруа қожалығына барып, пияз бен мақта алқаптарын көріп шықты. Шаруа қожалығының жұмысымен танысқан облыс әкімі өнім көлемін арттыруда жаңа технологиялардың жетістігін баяндады.
«Егін шаруашылығында өнімді арттырудың бірден бір тәсілі - тамшылатып суару технологиясын пайдалану. Суды да үнемдеу арқылы мол өнім алуға болады. Ал, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру ең алдымен шаруалар үшін тиімді. Сонымен қатар, игерілмей жатқан жерлер қатаң бақылауда болуы тиіс. Аграрлық өңір ретінде өз мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз қажет», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Сапар аясында облыс әкімі Шардара қаласындағы №4 мөлтек ауданның инженерлік коммуникацияларымен танысты. «Шардара су электр стансасының» АҚ қайта жаңғырту жұмыстарын бақылады. Шардара су қоймасы бөгетінде Сүткент ауылындағы Сырдария өзенінің арна бағыттау бөгетінде болды. Сондай-ақ, Өмірзақ Шөкеев аудандағы «Хамит ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытына аялдады. Сапар барысында өңір басшысы Шардара қаласында туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ туризмін дамытуда туристерді қажетті демалыс аймақтарын көбейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыру қажеттігін тапсырды.