Өмірзақ Шөкеев карантин кезіндегі құрылыс жұмыстарын аралап көрді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары бекітілген мерзімінде аяқталады. Бұл туралы шаһардағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыстың карантиндік режимге сай жүруін бақылап шыққан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір басшының айтуынша, облыс орталығын абаттандыру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Құрылысшылардың жұмыс орындарына келіп-кетуіне жағдай жасалған. Тосқауыл жоқ. Тек құрылысшылар жұмыс барысында тиісті барлық сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс. Сонымен қатар, барлығы күнделікті медициналық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда құрылыс компаниялары қосымша жұмыс күшін тарта алады.
«Түркістан облысында енгізілген карантиндік режим құрылыс жұмыстарына кедергі келтірмейді. Елдегі болып жатқан ахуалға қарамастан, қала аумағындағы бірде-бір нысандағы жұмыс тоқтатылмайды. Қауіпсіздік шарасын да қатаң ескереміз. Адамның саулығы бірінші кезекте. Жұмыс күшімен толық қамтамасыз етіп, жұмыстан босаған азаматтарды табыс көзімен қамту үшін қалалық әкімдік Нұр-Сұлтан, Алматыдағы құрылыстардан босаған мамандарды жұмысқа шақыра алады. Олардың өңірімізге тосқауылсыз жетуін қамтамасыз етуге көмек береміз»,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыста 19 сәуірден бастап карантин режимі енгізілген. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғап, халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында қатаң шектеулер қойылған.
Халыққа қажетті азық-түлік заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарындағы және көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар мен материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алады.
Дегенмен енгізілген шектеулерге қарамастан аймақта құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантин режиміне қарамастан жұмысын тоқтатпайды.
Түркістан қаласындағы 35 құрылыс нысанында 4 мыңға жуық құрылысшы бір ауысымда жұмыс істеуде.
