Өмірзақ Шөкеев қостанайлық шаруаларға аграрлық қолхаттың маңызын түсіндірді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев қостанайлық шаруалармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өмірзақ Шөкеев жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездесіп, агроөндіріс кешенінің аймақтағы даму бағыттарын талқылады. Министр шаруалардың проблемасын тыңдап, ашық әңгіме өткізді. Қостанайлық аграршыларды мазалайтын бір мәселе - қағазбастылық. Егін науқаны кезінде диқандардың көбі астығын кеш өткізеді. Оған дода-дода қағаз құжаттардың көптігі себеп. Ал министр өз кезегінде электронды аграрлық қолхатқа көшудің маңызына тоқталды.
«Қазіргі уақытта элеваторларда көп қолданылатын астық қолхаттары тиімсіз құрал ретінде қалып бара жатыр. Мойындау керек, кезінде элеваторлар бос қолтаңбаны көптеп бере берген. Ол қағаз құжаттарды кейін таба алмай жатады. Енді астыққа қатысты есептің бәрін электронды форматқа ауыстыру керек. Электронды қолхат біраз шаруаны жеңілдетеді. Екіншіден, банктерден несие алу шаруалар үшін пайдасыз. Оның пайыздық үстемесі де жоғары. Сондықтан, қарапайым фермерлерге мемлекеттің жан-жақты қолдауы туралы түсіндіру қажет. Бұл жұмыстарды жергілікті әкімдер өз жауапкершілігіне алсын», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Жиында айтылғандай, соңғы жылы банктердің агроөнеркәсіп кешендерін несиелендіруі 25 пайызға төмендеген, ал пайыздық үстемеақы 18 пайызға жеткен. Министр АӨК-де несиелер үстемеақысы 10 пайыздан жоғары болмауы керектігін атап өтті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы жылдары елдегі отбасылық фермалар мен жайылым жерді, ірі қара мен қой санын арттыруды көздеп отыр.
Деректерге сүйенсек, Бүгінгі күні Қазақстанда 20 мыңнан астам фермерлік шаруашылық бар. Олардың барлығы - «Сыбаға» бағдарламасының қатысушылары. Жақында министрлікте бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу мәселесі көтерілді.
«Шамамен алғанда, алдағы 10 жылда 80 мыңнан астам отбасылық ферма құрып, қой санын 30 млн-ға дейін өсіруді жоспарлап отырмыз. Біз осы көрсеткішке жету үшін арнайы жобалар ұсындық. Оның аясында ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін біршама жеңілдіктер қарастырылған. Тағы бір мәселе, аудан әкімдері ауыл шаруашылығына жаны ашитын кәсіпкерлерді өздері іздеп табуы керек. Өйткені, мемлекеттік субсидияны тамыр-таныстықпен алып жатқандар бар. Сондықтан, бұл шаруаны әкімдер мықтап қолға алсын. Нәтиже жақсы болса, субсидияға қолы жеткен шаруашылықты дамытып, әр ауылдан бір отбасылық ферма құруға болады», - деді министр.
Агрокеңес пікір алмасу және өңірдің тауар өндірушілерінің маңызды мәселелерін талқылау форматында жалғасын тапты. Шаруалар отандық техникаларды субсидиялау, егін шаруашылығындағы кедергілер, жанар-жағармай құны сияқты бірнеше маңызды мәселелерді ортаға салды. Өмірзақ Шөкеев қостанайлық аграршылардың сұрақтары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жиналыстарында қаралатынын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысына іс-сапармен келді.
Ол сапар барысында Қостанай қаласындағы индустриялық аймақтың жұмысымен танысты.