Өмірзақ Шөкеев: Қысқартуға болатын 15 субсидияның барын көріп отырмыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 54 субсидияның алдағы уақытта 15-і қысқартылуы мүмкін. Мұндай өзгерістер туралы Ақмола облысы Целиноград ауданы Родина ауылындағы «Родина АФ» ЖШС-да болған ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өмірзақ Шөкеев: Қысқартуға болатын 15 субсидияның барын көріп отырмыз

«Бүгін кəсіпорынның жұмысын көру үшін арнайы келіп отырмын. Əлбетте, бұл мəселе туындап отырған кəсіпорын емес. Иван Адамович (Сауэр - авт.) бұл саланы жан-жақты біледі. Үш күн бұрын сүт өндірушілермен, одан кейін ет өндірушілермен кездестік. Яғни жаңа ережелерді тестілеу жұмысы жүргізілуде. Қазір ережелер жасалып, біздің сайтқа жарияланды. Кең талқылау өтуде. Əлбетте, бұған разы еместер де бар. Тиімсіз субсидияларды алып тастап жатырмыз. Кей жерде басқа субсидия арттырылуда», - дейді Шөкеев.
null 

Министрдің айтуынша, ведомство келешекте «жасыл кəрзеңке» жүйесіне маңыз бермек.

«Яғни, келімен немесе тоннамен есептелетін несилер алынып тасталып, несиесі азайтылатын, инфрақұрылым жасауға қауқарлы, демек нарықтың бағасына əсер ете алатын субсидияларға маңыз беріледі. Бірақ бұл келешекте атқарылатын жұмыс. Өткен жылы субсидияның 65 түрінен 11-і алынып тасталған болатын. 54-і қалды. Қазір біз қысқартуға болатын тағы 15 субсидияның барын көріп отырмыз. Гектар бойынша мақта, күріш, жем-шөпке берілетін субсидияларды қысқартамыз. Бұл ретте пікір жарыстырудың қажеті шамалы», - дейді ол.

Өірзақ Шөкеевтің айтуына қарағанда, ниет білдірушілер субсидияны ала отырып, өнімділіктің тиімділігі үшін күресе білуі керек

«Біз еңбек өнімін арттыруды жігерлендіре білуіміз керек. Бірақ субсидияларды бүгін бірден қысқартып тастауды көздеп отырған жоқпыз. Бүгін жарияланған ережелерде мұндай бірден енгізілетін шаралар жоқ», - деді министр.