Өмірзақ Шөкеев мақташылармен кездесті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары- ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол Жетісай ауданындағы шаруа қожалықтарының мақта терім жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр жұмыс сапары барысында Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өңдеу зауытын аралап, аудандағы мақта өңдеу зауыттары мен трейдерлік компаниялар басшыларының қатысуымен өткен жиналысқа қатысты. Онда мақта шикізатының өзекті мәселелері талқыланды. 
Айта кетейік, аталған зауыт жылына 60 мың тонна мақта шикізатын қайта өңдеуден өткізеді. Мұнда қазіргі науқан кезінде 265 адам жұмыс істеуде. Кәсіпорында өндірілген өнімдер ТМД және шет мемлекеттерге жөнелтіледі.
Мұнан соң Өмірзақ Шөкеев Қарақай ауылдық округінде орналасқан «Кетебай» өндірістік кооперативінің егістік алқабын аралап көрді. 1996 жылы құрылған кооперативтің иелегінде 800 гектар мақта алқабы бар. Министр қожалықтың атқарып жатқан жұмыстарын қарап шығып, күзгі жиын-терім жұмыстарының өнімділігімен танысты.
Мұнан соң Ш. Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы 9 шақырымдық каналдың су өткізу қабілетінің техникалық жағдайын көрді. Себебі, бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмендеп кеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді.
Еске сала кетсек, 2011 жылы пайдалануға берілген каналдың құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 13,523 млрд теңге бөлінген болатын. Ол 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.