Өмірзақ Шөкеев «Самұрық-Қазынаның» еңбек әулеттерін құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев компанияның еңбек әулеттерін мерекелерімен құттықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Самұрық-Қазынада» 300 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Компания ұжымының қызметіне көп нәрсе байланысты. Біз дағдарысты еңсеріп, ауқымды жобаларды қолға алдық. Барлықтарыңызды құттықтаймын, бұл күн бізде xалықаралық отбасы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл да кездейсоқ емес. Себебі бұл біздің мейрам. Барлықтарыңызға сәттілік, әулеттеріңіздің шаңырағына береке тілеймін! Біз сіздердің қосып жатқан үлестеріңізді бағалаймыз», - деді компания басшысы.
Биыл «Қордың еңбек әулеті» медальдарын Бабашевтар, Сайрамбаевтар, Труба, Клоповтар, Пшенициндар, Елтаевтар, Мацюк, Жаманкөзовтар, Кәкімановтар, Мұсағалиевтар әулеті иеленді.
Кейбір әулетердің еңбек өтілі 300 жылдан асады.
Мысалы, «Тау-Кен Самұрық» компаниясында қызмет ететін Бабашевтар әулетінің еңбек жолы - 373 жыл. Ал Сайрамбаевар жанұясы 317 жыл ұрпақтан ұрпаққа бір саланың қызметін өрістетіп келеді.
«Біздің теміржол саласындағы әулеттік еңбек жолын әкеміз Сайрамбай Маxанбет сонау 1928 жылы бастаған. Сонда 1974 жылға дейін еңбек етті. Біз алты бала әкеміздің жолын қудық. Ізін жалғап келеміз. Бүгінгі күн аға буын үшін қуанышты күн, ал жастарымызға үлгі. Біздің әулеттің еңбек өтілі 300 жылдан асады, бұл ерекше мақтаныш», - дейді «ҚТЖ» ҰК стандарттау, сертификаттау және метрология орталығының басшысы Есентұр Сайрамбаев.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы еңбек әулеттерінің күнін 2013 жылдан бері өткізіп келеді және ол арнайы Халықаралық отбасы күні мерекесі тұсында ұйымдастырылады.