Өмірзақ Шөкеев: Төлеби ауданындағы сел салдары толық жойылады

ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданына барып, сел алған үйлерді аралап көрді. Таулы ауданда қатты жауған нөсерден өзен суы арнасынан асып, бірнеше көшелерді су шайған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өмірзақ Шөкеев селден жапа шеккен тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында олармен кездесіп, су шайған жерлерге бақылау жүргізді. Мұнда табиғаттың тосын мінез танытуына қарсы шаралар мейлінше күшейтілген. Аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің төрағалығымен тасқын зардаптарын жою жөніндегі құрылған жедел штаб жұмыс құрылып, 300-ден астам азаматтан құрылған жұмысшы топ тынымсыз жұмыс істеуде. Су шайған үйде болған облыс басшысы нөсерден келген қауіпті, яғни, Ленгір өзенінің арнасынан асуынан орын алған жайттың залалдарын толықтай жоюды тапсырды.


«Нөсер жауыннан Леңгір өзенінде су деңгейінің жоғарлауына байланысты ішінара су басуы орын алғаны белгілі. Сел салдары толық жойылады. Ол үшін барлық қажетті жұмыстар жасалып жатыр. Сел ағынынан адамдар аман. Бұл ең бастысы. Мал шығыны жоқ. Су келген үйлер толық жөнделіп, айналасына қоршаулар қойылады»,-деді Өмірзақ Естайұлы.

Сала мамандардың айтуынша, өзен суының арнасынан асып кетуіне қоқыс қалдықтары бірден бір себеп болған. Әкімдікпен жасалып жатқан жұмыстар жүйелі жүргізілсе де, тұрғындардың тікелей жауапкершілігіндегі тазалық шаралары жасалмаған. Бүгінде селден келген қауіпті жою мақсатында аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар қызметі мен елді мекен тұрғындары арналарды тазартып жатыр. Бұл жұмыстарға 126 қызметкер, 31 арнайы техника, 14 мотопомпа жұмылдырылған. Көршілес Сайрам, Түлкібас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмекке келген.


Айта кетейік, 6 мамыр күні қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан Леңгір қаласындағы Леңгір өзенінің деңгейі өзінің суды өткізу мүмкіндігінен үш есе көтерілген. Су басудың салдарынан құлаған немесе бұзылған құрылыс нысандары жоқ. Өзен жағалауы бойындағы 2 тұрғын үйдің аулалары мен қораларына су кіріп, 6 сарай мен 16 аула, бір монша мен жазғы асхананы су шайып өткен болатын. Сонымен қатар, өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі бірнеше көшедегі газ құбырына зақым келуіне байланысты 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылған. «Көктерек» су жинау имаратының жұмысы тоқтатылып, Леңгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3 мыңнан астам үй ұңғымалар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Келтірілген залалдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар