Өмірзақ Шөкеев: Жұмыртқа экспортын миллиард данаға жеткізу қажет

Министрліктің кеңейтілген мәжілісінде Ө.Шөкеевтің бірінші орынбасары Арман Евниев құс шаруашылығын дамыту жөніндегі салалық бағдарламаның арқасында өткен жылы елімізде 5,6 млрд дана жұмыртқа өндірілгенін айтты.
«Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 10 пайызға артық. Алғаш рет экспортқа 602 млн дана жұмыртқа шығарылды. Бұл да 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 190 мың тонна құс еті өндірілді. Ақмола облысында Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы іске қосылды. Оның бастапқы кезеңдегі жылдық қуаты 25 мың тонна болса, алдағы уақытта 60 мың тоннаға жетеді», - деді ол.
Осы ретте Өмірзақ Шөкеев ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божкодан: «Биыл экспортқа шығарылатын жұмыртқаны млрд данаға жеткізе аламыз ба?», - деп сұрады. Ал Божко мұндай мүмкіншілік бар екендігін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі бұл мәселені шешу үшін барлық мүмкіншіліктерді қарастыруды тапсырды.
«Қажеттілік болса, біз көмек көрсетеміз, шаралар қабылдайтын боламыз», - деді Ө.Шөкеев.