Өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айрылған түркістандық мас күйде ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында мотокөлікті мас күйінде тізгіндеген 45 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Оқиға Қызылорда тас жолы бойында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін бақылау кезінде мотокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізген.
– Тексеру барысында жүргізушінің көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылғаны анықталды. Сонымен қатар медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, оның көлікті қайтадан мас күйінде жүргізгені белгілі болды, – делінген облыстық полиция департаментінің мәліметінде.
Аталған азаматтың әрекетіне қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Бұған дейін Түркістан қаласында жол ережесін бұзған 100-ге жуық электрлі көлік айып тұрағына қойылғанын хабарлаған едік.