«Он бала тапқаннан омырауға алтын таққан қиын болып тұр» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Біз Қазақстан төрағалығының Саммит шақыру жөніндегі белсенділігі мен табандылығын қолдаймыз» деген тақырыппен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиуден алынған сұхбат жарияланды. «ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Ыстамбұлдағы кездесуі мен алдағы Астана Саммитінің арасындағы осыншалық ұзақ үзілістің себебін Сіз қалай түсіндірер едіңіз?»,- деген сауалға П. Эфтимиу: «Мен мұны Ұйымдағы бюрократиялық созбұйдалықтың өсіп кетуінің өкінішті салдары деп білемін, оған үкіметтер тарапынан саяси ерік-жігердің жетіспеуі қосылған. Парламенттік Ассамблея саяси үнқатысудың кеңейтілуін белсенді түрде қолдап келеді, сондықтан да жоғары деңгейдегі кездесу шақыруды соңғы бірнеше жыл бойы жақтаумен болды. ЕҚЫҰ - саяси міндеттемелерге негізделген институт. Жоғары деңгейдегі саяси үнқатысу ЕҚЫҰ үшін бөлекше маңызды. Сондықтан біз Қазақстан төрағалығының бұл көптен күткен Саммитті шақыру жөніндегі белсенділігі мен табандылығын қолдаймыз, ал Парламенттік Ассамблеяның оны өткізуді салған беттен жақтағанын жаңа айттым», - дейді.
«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің ішкі рыногында соңғы уақытта қалыптасып отырған азық-түлік бағасының өсуі және қысқы жылыту маусымының басталуы туралы мәселелер қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның мәліметінше, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаев үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап ішкі рыноктағы азық-түлік бағасының өсу үрдісі байқалғандығын жария еткен. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аманның айтуынша, 1 қарашадағы дерекке сәйкес 12,9 миллион тонна астық бастырылған. Өткен жылдан қалған астық қорын қосқанда қолдағы бар астық еліміздің ішкі сұранысын және алдын-ала белгіленген 7-8 миллион тонна экспорттық әлеуетті қамтамасыз етуге толық жетеді. Қазіргі күнге дейін майлы дақылдар егістігінің 88 пайызы жиналып біткен. 732 мың тонна майлы дақылдар, 43 мың тонна қарақұмық жиналған. Сондай-ақ Үкімет отырысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев алдағы уақытта Қазақстанның барлық мектептерінде және мемлекеттік органдарында планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізілетін мәлімдеді. Министрлер кабинетінің алқалы жиыны жайында кеңірек мағлұмат алғыңыз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Енді планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізіледі» деген мақалаға зер салыңыз.
***
«Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар» дейтін қазақ қоғамында отбасының балалы болып, баспанасының базарға толуында ең бірінші ана денсаулығы маңызды деп қарайтын түсінік қалыптасқан. Шаңыраққа шаттық сыйлар ұл-қыздың болмауын ең бірінші әйел адамның бедеулігінен көретіні де сондықтан. Ал ер-азамат денсаулығының жағдайы көбіне-көп ашық айтылмай, жабулы күйінде келеді. Ал маман-дәрігерлер болса, ұрпақты тоғыз ай көтеретін анамен қатар, әке денсаулығының маңызды екендігін айтады. Статистикаға жүгінсек, қазіргі кезде елдегі отбасылардың 16 пайызы бала сүю бақытынан айырылып отыр. Ал сол отбасылардың жартысына жуығы ер-азаматтардың белсіздігі кесірінен балалы бола алмайды екен. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Белсіздіктің кесірі бедеуліктен кем емес» деген мақалада тыңғылықты жазылған.
Сондай-ақ «Айқын» газетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің «Шыдадық... тағы қанша күту керек?!» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Қызылжар қаласының тарихи атауын қайтаруға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған ол аталған мақаласында оны тағы бір дәйектей түскен. Сонымен қатар осы мәселеге қатысты өзіне қарсы шыққандарға да нақты тарихи дәлелдермен тойтарыс бере отырып, қаланың атауын өзгертуге қатысты БАҚ-тарда жарық көрген мақалаларға да шолу жасап өткен. «Қызылжар деген аяқ астынан пайда болған немесе жер-су атауларын өзгертуге құмар кейбіреулер ойлап шығарған сөз емес, бұл қаланың ежелгі атауы. Рас, кеңестік дәуірде оны қайтаруға талпыныстар жасалғанымен, мәселе түбегейлі шешілмей, орта жолда қалып қойды. Тәуелсіздік алғаннан кейін халық осы мәселеге қатысты өз көзқарасын ашық білдіре бастады. Ол орынды да еді, өйткені ұлттық мүддені айшықтап көрсету арқылы біз еліміздің өткен тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткіземіз. Сайып келгенде, бұл мемлекеттік саясаттың да бір көрінісіне айналып, ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың аттарынан да көрініп тұрса, нұр үстіне нұр емес пе!?», - дейді мақала авторы.
***
«Алаш айнасы» газетінің сәрсенбілік нөмірінде «Он бала тапқаннан омырауға алтын таққан қиын болып тұр» деген тақырыппен мақала басылды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2009 жылғы 2 желтоқсандағы № 211-ІІ Заңына сәйкес, 2010 жылдан бастап «Алтын алқамен» жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар, «Күміс алқамен» алты бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар, жетінші және алтыншы балалары бір жасқа жеткен және басқа балалары тірі болған кезде наградталады. Алайда заңның күшіне енгеніне 10 айдың жүзі болса да, батыр аналарымыздың тиесілі алқаға қол жеткізе алмай жүргені көңілге қаяу түсіреді», -делінген мақалада.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарының бүгінгі қонағы әлеуметтану ғылымының кандидаты, РФ Түмен облыстық Думасы аумақтармен жұмыс жөніндегі бөлімінің кеңесшісі Кенесары Қойшы. Одан алынған сұхбат «Ресейдегі жастар ана тілін білмеген соң атамекенге баруға жүрексінеді» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына салмақты жауап берген ол: «Қазақстанда жоғары оқу орындарына оралмандарға берілетін гранттың санын арттырса деп ойлаймын. Өйткені шетелден білім іздеп келген көптеген қандас бауырларымыз оқуға түсе алмай, қайтып кетіп жатыр. Егер олар Қазақстанда оқыса, тілді де, салт-дәстүрді де үйреніп алар еді. Қазіргі уақытта, меніңше, шетелдегі қазақ жастарын атамекенге осылай ғана тартуға болатын сияқты», - дейді.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, АҚШ тарапының бастамасымен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Джеймс Стайнбергпен телефон арқылы сөйлесті. Оның барысында екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағы, аймақтағы ахуал және 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық мәселелері талқыланған. Қ.Саудабаев пен Дж. Стайнберг Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің оңды дамып отырғанын айтып, ағымдағы жылдың сәуір айында Вашингтонда өткен президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың кездесуі сол қатынасқа қосымша серпіліс бергенін атап өткен. Тараптар Вашингтонда қол жеткізілген барлық келісімдердің жемісті жүзеге асырылып отырғанын мәлімдеді.