Он-лайн режимінде жаңа туған баланың Жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап «электрондық үкімет» www.egov.kz. порталында жаңа туған баланы тіркеуден өткізуге өтінім беруге арналған мемлекеттік электрондық қызмет іске қосылды.
Бұл өз кезегінде он-лайн режимінде жаңа туған баланың Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға мүмкіндік береді.
Әділет министрлігінің реми сайтының мәліметіне қарағанда, аталған қызмет әзірге елорда тұрғындарына ғана қолжетімді. Себебі, тек Астана қаласы бойынша денсаулық сақтау органдары дүниеге келген балалар туралы мәліметтерді он-лайн тәртібінде Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне бағыттайды.
Электрондық қызмет некелері 2008 жылдың 1 маусымынан кейін тіркелген Қазақстан азаматтарына таралады. Өйткені, бұл ақпараттық жүйе неке туралы мәліметтерді аталған мерзімнен бастап қана қамтып отыр.
Қағаз мұрағаттың электрондық көшірмесін жасауды аяқтағаннан соң, яғни 2015 жылдан бастап некені тіркеу мерзіміне қарамастан осы қызмет түрі еліміздің барша азаматтарына қолжетімді болуы үшін тиісті шаралар іске асырылуда.
Атап айтқанда, электрондық порталда баланың туғанын тіркеу туралы өтінім беру барысында ата-аналарының біреуінің ЖСН-нін енгізіп, өтінімге сандық түрде қол қою керек. Мәліметтер дұрыс енгізілген жағдайда балаға ЖСН берілгені жайында, сондай-ақ туу туралы куәлікті алатын мекеменің мекен-жайы жөніндегі ақпарат шығады.