Он жыл бұрын ашылған атыраулық Жастар театры енді ғана дербес ғимаратқа ие болды

Атырауда Жастар театры 2014 жылы құрылған. Театр ұжымы дербес ғимарат пен тіркеу туралы куәлікке он жылдан кейін қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.

театр
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазір театрда 25 жас актер жұмыс істейді. Өнерлі жастар аудандарға, көршілес облыстарға гастрольге шығып, шетелдік театр фестивальдерінде топ жарған.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітованың айтуынша, өнер ұжымы 66-шы болып тіркелген.

Театр ұжымына тіркеу туралы куәлік пен дербес ғимараттың берілуіне орай өткен салтанатқа танымал өнер өкілдері қатысты.

театр
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Оның арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров, Канн кинофестивалінің жүлдегері, белгілі киноактриса Самал Еслямова, театр және кино актерлері, «Дарын» сыйлығының иегерлері Аян Өтепберген мен Асылхан Төлепов, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Салтанат Әбілғазиева мен М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының актрисасы, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты Ажарлым Бағытжанова бар.

«Атырау — ел мәдениетіне үлкен үлес қосып келе жатқан өңір. Қазақ мәдениетінің қайраткерлері, белгілі тұлғалар салған ізді өнерлі жастар жалғастыруды қолға алды. Жастар театрына жөндеу жүргізілген Д. Нұрпейісова атындағы мұнайшылар сарайы беру туралы шешім қабылдадық», -деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

театр
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Танымал композитор, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов жас ұжымға батасын берді.

Ал Жастар театрының ұжымы Бернард Шоудың «Клеопатра» тарихи драмасын көрермен назарына ұсынды.

Жастар театры 2019 жылы Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен «Theatrical Talents» театрлар фестивалінде режиссер Мұқанғали Томановтың «Затмение» қойлымымен қатысып, бас жүлдені иеленген.

театр
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал, 2021 «Клеопатра» драмасымен Керчь қаласында өткен 23-ші «Боспорские огони» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінде де бас жүлдені жеңіп алған.

Бұл фестивальде «Үздік әйел бейнесі» номинациясы театр актрисасы Ғайни Кукатоваға берілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау театры бірінші республикалық театрлар фестивалінің бас жүлдесін иеленгенін хабарлаған едік. 

театр
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Соңғы жаңалықтар