Он жылда Қазақстанда туберкулезге шалдығудың көрсеткіші екі еседен астам төмендеді - профессор Т.Әбілдаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сырттан келіп жатқан еңбек мигранттары туберкулез ауруына байланысты ахуалға өзінің әсерін тигізуі мүмкін.

Он жылда Қазақстанда туберкулезге шалдығудың көрсеткіші екі еседен астам төмендеді - профессор Т.Әбілдаев

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдерінің еңбекші мигранттар арасында туберкулезге қарсы күрес жүргізу жөніндегі аймақтық ынтымақтастығына арналған баспасөз мәслихатында ҚР ДСӘДМ Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының директоры, профессор Тілеухан Әбілдаев мәлім етті.

«Туберкулезге қарсы күрес бағдарламасы Қазақстанда тиімді нәтижелер беруде. Бұны тек қазақстандықтардың ғана бағасы емес, сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да сарапшылары елімізде жүргізіліп жатқан кешенді шараларға оң бағаларын беріп отыр. Себебі, бүгінде туберкулезді анықтауға және оны дер кезінде нәтижелі емдеуге көптеген мүмкіндіктер жасалған»,-деді Т. Әбілдаев.

Оның пайымынша, сырттан келіп жатқан еңбек мигранттары туберкулез ауруына байланысты ахуалға өзінің әсерін тигізуі мүмкін.

Атап айтқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне сәйкес, жыл сайын әлем бойынша 8,6 миллионға жуық адам туберкулезге шалдығады, олардың 1,3 миллионы осы кеселдің салдарынан көз жұмады. Туындап отырған қазіргі мәселелерді ескере отырып, Қазақстан үкіметі 2014-2020 жылдарға арналған Туберкулезге қарсы күресу жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады.

«Туберкулезді инновациялық тәсілдермен диагностикалау және халықаралық стандарттарға сәйкес емдеудің арқасында соңғы он жыл ішінде елімізде осы ауруға шалдығудың көрсеткіші екі есеге астам, ал өлім-жітім 73 пайызға дерлік төмендеді», - деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (ҚР ДСӘДМ) мәліметіне қарағанда, соңғы 6 жыл ішінде елімізде туберкулезге шалдығу көрсеткіші 1,6 есеге, ал оның салдарынан орын алатын өлім-жітім 2,6 есеге төмендеген. Алайда әлі күнге шейін ерекше қауіп-қатер тобына еңбекші мигранттар кіріп отыр. Қазақстан жыл сайын 300-ден бастап 1 миллионға дейінгі мигрантты қабылдай отырып, Орталық Азия елдеріне туберкулезге трансшекаралық бақылау жүргізуге мүмкіндік беріп отырған келіссөз алаңына айналып отыр.

Спикерлер атап өткендей, Қазақстанда көбінесе Өзбекстан,Тәжікстан және Әзербайжан азаматтары еңбек етеді. Мигранттарды қабылдау жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, екінші орында Атырау облысы келеді, бүкіл мигранттардың үштен бірі Астана мен Алматы қалаларының үлесіне тиесілі. Қазақстан Үкіметі 2014-2020 жылдарға арналған Туберкулезге қарсы күресу жөніндегі кешенді жоспарды қабылдау кезінде осы жағдайды ескерді. Аталған жоспардың ішінде мигранттар арасындағы туберкулезді алдын алу және емдеу қызметтерін жақсартуға және де аймақаралық диалогты құруға бағытталған іс-шаралар қамтылған.