«Он жылдан кейін бәріміз отандық киім киеміз» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елордадағы 2 759 оқушы білім алып жатқан, оның 770-і озаттар қатарынан көрінген №64 мектеп-лицейдегі соңғы қоңырау соғу салтанатына Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысып, бұл әр жыл сайын қайталанып отыратын айтулы күннің ерекшелігіне тоқталды. Ол биыл еліміздегі 7 563 мектепте 2,6 миллион оқушы білім алғанын алға тартып, 124 мың түлек мектеп бітіретінін, олардың 84 302-сі қазақ тілінде, 40 077-сі орыс тілінде оқып, өмірге қанат қаққалы отырғанын атап айтты. Үстіміздегі жылы мектеп бітірушілердің 87 770-сі ҰБТ-ға қатысуға тілек білдіріпті. Бұл көрсеткіш жалпы бітірушілердің 71 пайызын құрайды екен. Осы талапкерлердің 62 384 қазақ тілінде, 25 398-і орыс тіліндегі мектеп бітірушілер екен. «Алтын белгіге» үміткерлер 4 498 болса, оның 188-і Астана қаласынан көрінеді. Бұл мақала «Шуақты мамыр күні естілді күміс қоңырау үні» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Дипломаттармен дидарласты» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Қазақстандағы елшісі Моджтаба Дамирчилуды оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Сенат Төрағасы М.Дамирчилудың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы табысты болатынына және екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. М.Дамирчилу таяудағы сайлауда Президент Н.Назарбаевтың айқын жеңісіне Иранда ықыласпен назар аударып отырғанын атап өтті: «Президенттік сайлаудың нәтижелері халықтың өз Президентіне шынайы сенімін паш етті. Қазақстан Орталық Азия аймағындағы көшбасшы болғандықтан, халықтың бұл таңдауы Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», - деді ол. Елші Қ.Тоқаевты Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың алдағы Иранға ресми сапарына әзірлік туралы хабардар етті. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының сапары екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығын дамытуға зор серпін беретіні туралы пікірін білдірді.
Бұдан бөлек, Сенат Төрағасымен кездесуі барысында Чехияның Қазақстандағы елшісі Элишка Жигова Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы елеулі жетістіктеріне тоқталды. Қ.Тоқаев чех дипломатын «бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағытының негізгі мәселелері туралы хабардар ете келіп, осы бағдарламаларға байланысты шетелдік инвесторларға ашылатын зор мүмкіндіктерді атап өтті. Сенат басшысы Астанада ағылшын құқықтары қағидаларына негізделген, жеңілдетілген салық тәртібі мен тәуелсіз қаржы сотына ие халықаралық қаржы орталығын құру жоспарларына Чехия елшісінің назарын аударды.
***
«Айқын» газетінде «Диодты шамдар шығарылатын болады» деген материал жарияланды. Қызылорда облысында алғаш рет Жалағаш ауданында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жарық диодты шамдар шығаратын жаңа өндіріс кәсіпорны ашылады.
«Қазэнергия үнемдеу» серіктестігінің қолдауымен іске қосылғалы жатқан зауыт жылына 31,2 мың дана жарық диодты шам шығармақшы. Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып отырған жобаның құны 98,3 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын үшін аудандық индустриялды аймақтан жер телімі бөлінді. Бүгінде өндіріс ошағының құрылысы аяқталып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын ресейлік жабдықпен жарақтандырылатын болады. Өңірде қолға алынып отырған жарық диодты шамдар жасау жобасы қазіргі нарық жағдайында өте өзекті. Аталған кәсіпорынның өнімі қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік береді. Зауыт өнімін барлық тұрғын үй, нысандарға, ғимараттар мен дала жарықтарына пайдалануға болады.
Осы басылымда «Он жылдан кейін бәріміз отандық киім киеміз» атты мақала басылды. Төрт жүз миллиард теңге! Егер отандық жеңіл өнеркәсіп отандық нарықты толық игерсе, жыл сайын осынша мол табыс таба алады. Бұл туралы кеше «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту» тақырыбында өткен «Үкімет сағатында» Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева мәлім етті.
***
«Ана тілі» газетінің тілшісі қазақ циркінің бүгінгі жайы жөнінде ой қозғап, «Қазақ циркі қандай кедергілерге тап болып отыр?» («Ана тілі» газеті, №6 (1264), 12-18 ақпан, 2015 жыл) деген тақырыпта мақала жазған еді. Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Ғ.Ахмедьяровтан жауап келді. Онда былай делінеді:
«Қазақ циркі өз мектебін қалыптастырған киелі өнер ордасы. Елімізді әлемге танытатын, ұлттық ерекшелігіміз көрініс тапқан осындай киелі өнер ордалары біздің еліміздің Қарағанды, Астана, Шымкент, Алматы қалаларында бар. Аталған цирктер жергілікті атқарушы органдарға бағынысты болғандықтан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың қызметі мен қаржыландыру мәселесі әкімдіктердің құзырында екендігін қаперге саламыз. Қазақ циркіне байланысты жазылған мақалада көтерілген бірқатар мәселелердің орынды екендігін айта кеткен жөн. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірқатар шаралар атқарылып жатқанын мәлімдейміз»,-деп атап өтілген. Осы жайында « Қазақ циркі қалтарыста қалмайтын болды» деген мақалада егжей-тегжейлі жазылған.