Оңалбай Аяшев: Президент Жолдауы ел болашағын айқындайды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы ел болашағын айқындайды деген пікірде.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жолдаудың барша қазақстандықтар үшін аса маңызды құжат екеніне сенімді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ғұмырын білім саласына арнаған ғалымның пікірінше, ұстаздарға мәртебе беру ағарту саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Жолдауда Президент «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдансын деп тапсырма берді. Бұл енді жақсылықтың нышаны. Биылғы Жолдауда білім-ғылым және медицина саласына көп көңіл бөлініп отыр. Соның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Мұны енді өз басым қамқорлық деп білемін. Ал, 2021 жылы мектеп құрылысына 50 миллиард теңге бөлініп және ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге артатынын айтты. Бұл дегеніміз - қуантарлық жайт»,- дейді профессор.
Оңалбай Аяшевтің пікірінше, бүгінгі Жолдау жастарға да үлкен серпін берді.
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен 1,3 миллион қазақстандықтың кірісі артпақ. Елбасы барлық Жолдауларында жастарға үлкен қолдау білдіріп, еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына даңғыл жол ашып береді. Сонымен қатар, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл енді жастар үшін өте маңызды. Жастар еліміздің болашағы!»,- дейді университет ректоры.