Он алты шумақ өлеңі үшін 18 жылын түрмеде өткізген актер
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Он алты шумақ өлеңі үшін он сегіз жылын түрмеде өткерген ақын, актер Шахан Мусинның өмір өткелі ауыр, шығармашылық жолы тауқыметті өрілді. Әйгілі актердің туғанына биыл 111 жыл толып отыр.
Шахан Әлімханұлының Колымада айдауда болып, ауыр жылдарды басынан өткізгеніне қарамастан отандық театр саласында теңдессіз актер болғанын атақты театр сыншысы Әшірбек Сығай былай толғайды:
«Неге екені белгісіз, екі кісінің, екі кейіпкердің нұсқасын еске аламын. Ол — Шолоховтың «Адам тағдырындағы» — Соколов, ол Әуезовтің «Қарагөзіндегі» — Сырым. Бұл екеуінің әртүрлі жағдайда, басқадай әрекет үстіндегі көрінері белгілі. Бірақ қарап отырсаңыз, осы екеуінде өзара бір ұқсастық бар. Қапастан қашқан Соколов, Қарагөз қабірінен ілби көтерілген, сақал-шашы үрпие, өз сүйген рухы алдында ант беріп, күреске аттанған пері. Сырымның кескіні Шахан Әлімханұлының өмір жолдарын еске түсіргендей. Әсіресе Сырымның (Шаханның):
— Құйыл сөзім, құйыл сөзім, қиылмай,
Таудан аққан тас бұлақтың суындай.
Ортқып ойнап, көбіктен де аспанда,
Ішін тартып аласұрған құйындай.
Жалынындай түндегі өрттің жаланшы,
Жансын жаным, ақсын қаным тыйылмай! - деген тереңнен тулап шыққан тегеурінді монологтары бойымызды шымырлатып, жүрегімізді дір еткізбейтін бе еді? Мұхтар Әуезов қана айта алған сөз маржанын, алтын ойды Шахан Мусиндей арқалы актер ғана байыбына жеткізіп айта алса керек».
Өнер иесі өзі жазып қалдырғандай, ол 1913 жылдың желтоқсан айында қазіргі Павлодар облысының Май ауданы Ақжар дейтін ауылында дүниеге келген. Жас шағында ауылдас, аталас әрі әкесінің досы, арқалы ақын Нұрлыбек Баймұратовтың тәлімін көп алған. Н.Баймұратов кезінде атақты Исамен айтысқа түскен ақын.
Темірболат Арғынбаев сынды біртуар әншінің де салған әндері бала Шақанның кеудесінде сайрап өсті. Семейдегі орыс-қазақ мектебінде («Қазкоммуна») тұңғыш кинорежиссер Шәкен Аймановпен бір класта білім ала жүріп, күш атасы Қажымұқан, атақты әншілер Майра мен Әміренің өнерлерін тамашалап, шын таланттарына тәнті болған.
Тағдырдың жазуымен Алматыға жүріп, 1930 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Сол жылы «Пионер» газеті мен «Жаңа мектеп» журналында оның «Малшы бала», «Пионер маршы», «Бірінші май», «Сырғанақ» өлеңдері жарық көрген.
Өкінішке қарай, арада көп уақыт ұзамай әкесі өмірден өтіп, елге оралуға мәжбүр болады. Семейде біраз уақыт тілші болып, одан соң осы күнгі Бесқарағай ауданында атқару комитетінің хатшысы болып жүрген шағында аштық қасіретін өз көзімен көрген.
«Бірде Майлықараға командировкамен бара жатып, қайтып келе жатып, тақыр жолдың бірде оң жағында, бірде сол жағында, кейде жақын, кейде алыс, айдалада әр жерде азып-тозып, аштан өліп, іріп-шіріп, қарға-құзғынға жем болып жатқан азаматтардың өлімтігін мына мен сорлы өз көзіммен көрдім. Көзде жас, көңілде мұң, күңіреніп „бүйткен командировкасы құрысын“ деп қайтып келдім. Сол көрген-білгенімді айтайын десем, айтуға қорқамын, айтпасам қайғы-мұң ішіме сыймай әкетіп барады. Терең толғаныс, тұңғыш тебіреністен бірінші өлең „Майлықара“ осылай туды… Елдің „Бұл не сұмдық, ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, оба сияқты ауру жоқ, ал халқымыз аштан өліп жатыр. Не істеу керек, қайда барып, кімге айту керек? Облисполком қайда, Обком қайда? Нарком қайда? Крайком қайда? Арыз жазсақ па екен, әлде жай хат жазсақ па екен“ деген ашулы әңгімелерін құдайдың құтты күні естідім. Осы ашулы әңгімелердің әсері болуы керек, „Наркомға хат“ дейтін өлең жазыппын. Сонда өзім наркомның кім екенін де білмеймін. Ал Голощекинді бәріміз жақсы білетінбіз. Себебі астық дайындау науқаны кезеңінде Голощекин атынан „қызыл керуен“ дейтін астық таситын керуендер ұйымдастырылатын. Сол керуеннің шолақ белсенділері әр колхозшының ескі кебежесінің түбіндегі екі-үш кесе тарысын тінтіп, тартып алып, астық дайындап, жоспар орындайтын», - деп еске алады бұл зобалаңды ақын.
Семей облыстық қазақ драма театрының шаңырағын көтеруге атсалысып, өнер әлеміне біржола бет бұруды алдына мақсат еткен тұста аяқ астынан қара құйынға ұрынды. 1937 жылдың қуғын-сүргінінде «Наркомға хат» өлеңі үшін 18 жылға бас бостандығынан айрылып, алыстағы Колымаға жер аударылды. Оның қапаста жүріп жазған өлеңдері кейін «Қапаста жазылған хаттар» атты жинаққа енген.
Өнер иесі айдаудан елге 1946 жылы оралғанымен, 1948 жылы қайтадан абақтыға қамалады. Ақыры 1954 жылы түпкілікті босап шықты. Алматыдағы Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына, кейін М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына орналасып, актерлік қызметін табысты жалғастырды.
Сөйтіп жүргенде белгілі кинорежиссер Мәжит Бегалинмен танысып, оның «Бұл Шұғылада болған еді» картинасына түскен. Кейін Шәкен Аймановтың «Біз осында тұрамыз», Әзірбайжан Мәмбетовтің «Жаушы» фильмдерінде маңызды рөлдерді ойнады.
Бұдан басқа «Ән қанатында» — ақын, «Саршатамызда» — бригадир, «Алатаудың күміс мүйіздерінде» — браконьер, «Ұланда» профессор ролдерінде шеберлігін танытты. Ілияс Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасы желісімен 70-ші жылдары түсірілген кинотуындыда Ақан серінің роліне лайықты актерлер қатарында Шақан ағаның да есімі қатар аталған екен.
Алайда кезіндегі «халық жауы» күйесі оның жолын кесті. Сөйтіп бұл фильмде ол Салдың рөлін асқан шеберлікпен сомдады. Атап өтерлігі, бұл тарихи картинада атақты Күреңбай сыншының ролін тағы бір керекулік актер, Ертіс ауданының тумасы Байтен Омаров ойнап шыққан еді.
Театр сахналарында Шахан Мусин Ақан серіні, Сырым мен Моцартты, Сәкенді, Жаяу Мұса мен Махамбетті сомдап, театр саласындағы елден ерек дарынын мойындатты.
Каторгаға айдалып, айдау қажытса да ол өнерден қол үзбеді. Түрмеден соңғы барлық рухани күшін театрға арнады. Рухы тіріліп, мәртебесі өсті. 1956 жылы жазықсыз жаладан біржола ақталғанда:
— Аспанда темір қазықсыз,
Ауысып оңым солыммен.
Жазғырылып жазықсыз
Жиырма жыл жүрдім сонымен, - деген өлең жолдарын ақ параққа түсірген екен.
Атақты жерлесіміз, сахна саңлағы Шахан Мусинге 1966 жылы Қазақстанның Халық артисі деген құрметті атақ берілді.
Актер Ш. Мусин туралы деректер бүгінде Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр.