Оңалту жоспарымен қамтылған компанияға қатысты шектеулер бірден жойылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа заң жобасы аясында оңалту және банкроттық рәсімдеріне кіру жеңілдетіледі.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдету ескерілген. Заң жобасы үш айдан астам орындалмаған міндеттемелері және оң балансы болған кезде оңалту рәсімін қолдану ұсынылады. Өз кезегінде егер өтініш берген күні субъекті дәрменсіздігінің куәсі ретінде теріс баланс фактісі анықталатын болса, сот кәсіпорынды банкрот деп жариялай алады. Осылайша, белгісіздік жойылып, оңалту және банкроттық рәсімдеріне кіру жеңілдетіледі», - деді ол.

Б. Шолпанқұловтың сөзіне қарағанда, заң жобасы қазір тек банкроттыққа бара алатын жеке кәсіпкерлердің оңалтылуына мүмкіндік береді. Тәжірибеде басқа да проблемалар бар. Мысалы, оңалту жоспарын бекіту - компанияның күнделікті жұмысының жалғасуына кепілдік бермейді.

«Шоттарға және мүліктерге салынған шектеулерді алу туралы тікелей норма жоқ. Заң жобасында сот оңалту жоспарын бекіткен кезден бастап, шоттар мен мүліктерден барлық шектеулерді алу ұсынылады», - деді бірінші вице-министр.

Еске сала кетейік, жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кәсіпорындар мен компанияларды сауықтыру мен банкроттығы талаптарын түбегейлі жеңілдету және рәсімдер мерзімін қысқарту керектігін тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар