«Оңай» төлем жүйесі Талдықорғанға да келуі мүмкін
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматыда біраз дауға қалған «Оңай» төлем жүйесі Талдықорғанға да келуі мүмкін. Қазір аталған жүйенің қыр-сыры және ерекшеліктерімен жергілікті әкімдік танысып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Алайда, қоғамдық көліктерде енгізілуі мүмкін электронды төлем жүйесі талдықорғандықтарға аса ұнамай отырған сыңайлы. Тұрғындар шаһардағы халық саны аз дегенді алға тартуда. Сондай ақ олар үшін қолма-қол есеп жасасу қолайлы көрінеді.
Ал, жергілікті әкімдік аталған төлем түрінің басты мақсаты - жолаушылар тасымалы саласындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу, тасымалдаушыларға мемлекеттен берілетін қаражатты тиімді қадағалау және салықтық түсімдердің ашықтығын қамтамассыз ету дегенді айтады.
«Дәл осы бағытта өз қызметін ұсынып жүрген компаниялар көп. Алдағы уақытта олардың барлығын осында шақырып, қызметтерімен тереңірек танысатын боламыз. Сапалысын, тиімдісін анықтап, сол компаниямен жұмыс істеу жоспарда бар» дейді Талдықорғанның Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Данияр Қанаев.
Айта кету керек, екі миллионға жуық халқы бар Алматы қаласында аталған төлем түрі енгізілгенде халық наразылығын тудырған болатын. Арнайы төлем картасыз ақшасын төлей алмаған жолаушылар біраз әбігерге түсті. Жаңашылдықты жақтыртпады. Жаңа жүйені бірден меңгере алмай қиналды. Талдықорғандықтар болса, аталған жүйе енгізілмей жатып, әзірден әлеуметтік желіге қарсы пікірлерін білдіріп жатыр. Ал шаһар бойынша халық саны 167 мыңнан асады. Халықты тасымалдайтын 240 автобус бар.