Ондаған мың қазақстандықтар Астанадағы таңғажайып лазерлі-жарық шоуының куәсі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 17 жылдығына орай Есіл өзенінің жағасында тұңғыш рет «Нұрлы Есіл» мультимедиялық-пиротехникалық таңғажайып шоуы ұйымдастырылды. Ондаған мың қазақстандықтар Астанадағы таңғажайып лазерлі-жарық шоуының куәсі болды.
Жарық шоуды тамашалауға жалпақ жұртпен бiрге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президентi Алмазбек Атамбаев пен Түркияның бұрынғы президентi Абдулла Гүл де келдi.
Ұйымдастырушылар ерекше көрiнiстерге толы лазерлiк қойылым ойластырған екен. Бірегей шарада ең соңғы заманауи қондырғылар орнатылып, көрермен қауымға таңғажайып мереке сыйлады. Өзенге орнатылған тұғырдан симфониялық оркестр ойнап, шоудың әсерін арттыра түсті. Олар қазақтың халық әндері мен заманауи классикалық әуендерін орындады. Сахнаның айналасына субұрқақтар қойылып, жаңа лазерлік технологиялардың көмегімен жарқын бейнероликтер көрсетілді.