Ондаған саяси тұтқын Бахрейн түрмелерінен босатылды
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Бахрейн билігі түрмелерден кем дегенде 50 саяси тұтқынды оппозициямен диалог орнату үшін босатты.
Әсіресе, Бахрейн королінің отбасына қарсы қастандық ұйымдастырды деп айыпталған 23 белсенді шиит бостандыққа шықты. Соған қоса, ел басшылығы шетелде тұрып жатқын оппозиция басшыларының бірі Хасан Мушаимаға рақымшылық жариялады, - деп хабарлады «Әл-Жазира».
Оппозиция өкілдері бұл шешімді қолдады, алайда Бахрейн түрмелерінде ондаған немесе тіпті жүздеген саяси тұтқындардың отырғанын алға тартады. «Біз бостандыққа шыққан адамдардың нақты санын білмейміз. Біздің деректерге сәйкес, түрмелерде 600-ден аса саяси тұтқын болған, олардың тек жартысы ғана бостандыққа жіберілді», - деді оппозиция өкілдерінің мүддесін қорғаған қорғаушы Мухаммед Таджир.
Бахрейн басшылығы түрмелерден оппозиция өкілдерін бостандыққа жіберу арқылы елде жалғасып жатқан үкіметке қарсы шерулердің мүшелерімен диалог орнатуға үміттеніп отыр, деп хабарлады «Интерфакс».