Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспорты өсті - Ербол Қарашөкеев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 9 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспорты өсті - Ербол Қарашөкеев

«Экспортталатын өнім көлемін ұлғайту мақсатында министрлік өңделген өнім экспортына басымдық бере отырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. 2021 жылдың 9 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрап, 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға өсті (2020 жылдың 9 айында – 2,2 млрд АҚШ доллары)», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі 950,5 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылдың осындай кезеңінен салыстырғанда (928,5 млн. АҚШ доллары) 2,4%-ға жоғары.

«Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының құрылымында өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрады», - деді министр.