Өңдеу саласындағы 7 пайыздық несие ставкасын әлі де төмендету қажет - С.Ахметов

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өңдеу саласындағы 7 пайыздық несие ставкасын әлі де төмендету қажет. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай деді.

Өңдеу саласындағы 7 пайыздық несие ставкасын әлі де төмендету қажет - С.Ахметов

Ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу мәселесі жыл бойы барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарабынан кеңінен талқыға түскенін атап өткен Үкімет басшысы: «Дегенмен, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Экономика министрлігінің (Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі), барша қаржы-экономикалық блоктың, қаржы секторларының, біздің даму институттарының назарын мына жайтқа аударғым келеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуді несиелеуде біз ставканы 7 пайызға дейін айқындадық. Тағы да атап өткім келеді, қайта өңдеу үшін бұл әлі де болса жоғары деңгейлі пайыздық ставка. Банк секторы нарығында бұл 12-13 пайыз екендігі түсінікті. Бірақ, қайта өңдеу саласы, яғни машина жасау мен қайта өңдеу үшін 7 пайызды төмендету керек», - деді.

Сонымен қатар С.Ахметов жыл сайын пайыздық ставканы төмендетуге Үкімет қол жеткізіп отыратындығын баса айтты. Өйткені, Үкімет басшысының пайымынша, несиенің пайыздық ставкасын төмендету бұл салаға отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуда ынталандырушы тетік болып табылады.