Өңдеуші өнеркәсіпке шетелдік инвестициялар ағыны 2 млрд. 900 млн. долларды құрады - Ә. Исекешев
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Өңдеуші өнеркәсіпке шетелдік инвестициялар ағыны 2 млрд. 900 млн. долларды құрап отыр.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі инвестиция тарту болып табылады. «Бүгінгі жаһандық жағдай аса күрделі. Сондықтан да, жетекші мемлекеттердің бәрі тікелей шетелдік инвестициялар үшін күреске түсіп жатыр. Инвесторлардың өзі де құбылмалы. Осы үшін біз бұл жұмысты жүйелі түрде қолға алып отырмыз», - дейді министр. Оның айтуынша, Қазақстанның шикізаттық емес секторының тартымдылығы үшін Инвестицияларды тарту жөніндегі ұлттық жоспар қабылданған.
«Соңғы жылдары елдегі өңдеуші өнеркәсіпке инвестицияның қалай келгенін көріп отырсыздар. 2008 жылы бұл 1 млрд. 900 млн. доллар болса, қазіргі таңда 2 млрд. 900 млн. долларға жуықтап отыр. Яғни, көршілес елдерде капиталдың кері қайтуы орын алып отырғанда, Қазақстанның өңдеуші секторында керісінше тартымдылық көрініс беруде», - дейді Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, осы мақсатта 31 халықаралық бизнес-форум, 5 роуд-шоу өткізіліп, оның шеңберінде 20,3 млрд. доллар сомасындағы меморандумға қол қойылған. «Арнайы веб-сайт құрылды. Соның арқасында шетелдік инвесторлар Қазақстанға келмей-ақ еліміздің мүмкіндігін интернет арқылы бақылап, оған қызығушылық таныта алады. Осы сайтқа кірушілер саны 160 елден 95 адамды құрады», - деді министр.