«Өндіргіш қошқарлар» да бар екен-ау» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 қараша, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Өндіргіш қошқарлар» да бар екен-ау» - баспасөзге шолу

***

Астана іргесіндегі Целиноград ауданында жұртшылықтың жер телімін өз бетінше иеленуі көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, бұл мемлекеттің мүліктік құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы ғана емес, сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекте тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесін белден басу деген сөз. Әсіресе, Қоянды ауылындағы жағдай алаңдаушылық тудырып отыр. Мұнда 5400 адам заңды кезекте тұрғанымен, оның алға жылжуы мардымсыз. Дәл осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Жер дауы заңмен шешіледі» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, Қытай мен Моңғолиядан қоныс аударған азаматтар аталған ауылда 2007 жылдан бастап 167 жағдайда заңсыз әрі рұқсатсыз құрылыс сала бастады. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (10-тармағы) 43-бабына сай жер телімінің шекарасын белгілегенге дейін және құқық орнатушы құжаттар берілгенге дейін жер телімін пайдалануға жол берілмейді. Аталмыш талаптың бұзылуы жер телімін өз бетінше иеленуді көрсетеді және Ақмола облысының жер инспекциясы қолданатын әкімшілік жауапкершілікті көздейді. «Облыста рұқсатсыз иеленілген жерлер мәселесін ретке келтіру мақсатында туындаған жағдайдан шығу бойынша нақты шаралар қабылдайтын жұмыс тобы құрылды. Осылайша, жер телімдерін рұқсатсыз иеленуді жүзеге асырған адамдарға құқық куәландыратын және рұқсат құ-жаттарынсыз құрылыс жүргізуге жол бермеу және 2014 жылдың 10 қазаны мерзіміне дейін заңсыз құрылыстарды бұзу қажеттілігі туралы хабарлама берілді. Көрсетілген талаптың орындалмауы аудан әкімдігін жер телімдерін рұқсатсыз иеленудің жаңа аудандарында бос құрылыстар мен іргетастарды бұзу туралы шараға сүйенуге мәжбүрледі. Қазіргі таңда құқық бұзушыларға қайтадан қалған құрылыстарды өз күштерімен бұзуды жүргізу қажеттілігі туралы ескертулер берілді», - делінген мақалада.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, 2014 жылы қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында электромобильді енгізу және оған қажетті инфрақұрылымды құру жөнінде тапсырма жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, автокөлікті электрлендіру үрдісі Астанадан басталмақ. ЭКСПО-2017 көрмесі алдында «ҚазМұнайГаз» желісінде астаналық көліктерді электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған сегіз бекет салынады деп жоспарланып отыр. «Біз жыл соңына дейін электромобильдің алғашқы кезегін құрастыруды жоспарлап отырмыз. Электромобильдің ерекшелігі туралы ұзағынан әңгімелемей-ақ қояйын. Бұл көлік түрі экологиялық жағынан өте тиімді. Яғни халық өте тығыз орналасқан елді мекендер үшін маңызы зор. Сондықтан, ірі қалаларымызда электромобильді көбірек пайдаланудың алдында оған қажет инфрақұрылымды қалыптастыруымыз қажет», - дейді басылым тілшісіне «АЗИЯ АВТО» АҚ президенті Ерік Сағымбаев.

***

Жарнаманың жағымсыз жыры таусылар емес. Газеттер жарымжан жарнамалар жайында күн құрғатпай жазып келе жатса да ешбір түзелетін түрі көрінер емес. Өйткені мұның жазушылар мен журналистерден және бірен-саран ұлтжанды азаматтардан басқа ешкімге керегі жоқ екеніне көзіміз әбден жетті. Қала көшелеріндегі келеңсіз жайттарға көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткелі қашан! «Айқын» газетінің бүгінгі санында да жарымжан жарнамаға қатысты «Өндіргіш қошқарлар» да бар екен-ау» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Хабар» телеарнасында: «Саулықтар мен өндіргіш қошқарлар сатып алу үшін», «Аналық бас жылқылар мен өндіргіш айғырлар сатып алу үшін» (?!) деген жарнамалар «Сұлтан Сүлейман» фильмінің кезекті сериясы біткенше бірнеше рет беріледі. О жасаған! «Өндіргіш қошқарлар» мен «Өндіргіш айғырлар» деген не пәле тағы?! Ал енді әзірше саулық қой мен құлындайтын биені қой мен жылқының ұрғашысы деп жазбағандарына құдая тоба! Мына бетімен кете беретін болса, оның да ауылы алыс емес сияқты көрінеді», - деп жазады мақала авторы.

Қазақстан Жазушылар одағына - 80 жыл. Сексен жылдық ғұмырында шығармашылық ұйым талай-талай белестерді бастан өткерді. Одақтың дүркіреп, шарықтаған кезі де болды. Шалқақтап, тәлтіректеп, әзер күн кешкен кездері де жоқ емес. Алайда бұл қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, өзін-өзі сақтап қалған қоғамдық ұйым. Қазақ әдебиетінің классиктерінің ізі қалған киелі орданың, қасиетті шаңырақтың мерейтойы - қазақ әдебиетінің тойы. Мерейтой қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжанмен арадағы сұхбат «Айқын» газетінің сенбілік санында «Талантты шығарма өз уақытында бағаланғаны жөн» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Балалар әдебиеті соңғы кездері қатты әлсіреп кетті. Балалар әдебиетіне қалам тербеу - ең қиын нәрсе. Кез келген мықты жазушылардың көбі балалар әдебиетіне бара алмайды. Сондықтан кішкене дәстүр үзіліп қалған болуы керек. Әйтпесе, осы бағытта жұмыс жүріп жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ көпшілігі - поэзия. Балаларға арналған өлеңдер көптеп жазылады. Бердібек Соқпақбаевты көп жағдайда балалар жазушысы деп айтамыз. Соқпақбаев - қазақ әдебиетінің классигі. «Өлгендер қайтып келмейді» - жалпы ортақ аудиторияға арналған шығарма», - дейді.

***

«Ағымдағы жылдың 10 айында айында елордада 136699 тонна азық-түлік өнімі өндірілді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, оның ішінде 17159 тонна макарон өнімдері, 830 тонна сүт пен кілегей, 104206 тонна ұн, 13412 тонна жаңа піскен нан және 1092 тонна шұжық өнімдері бар. «Осылайша, бүгінгі таңда қала өзіндік өндіріс есебінен өзін-өзі нанмен, макарон өнімдерімен жінп ұнмен қамтамасыз етіп отыр», - делінген мақалада.

***

«Экспресс К» басылымның жазуынша, таяуда Будапеште ғаламторға салық енгізілуіне байланысты наразылық шеруі өткен. Венгрияның Үкімет басшысы осындай салық енгізу арқылы елдің бюджетін толтырмақ болыпты. Жалпы, басылымда әлемде қолданысқа енгізілген қызықты салықтар жайында толық ақпарат бар. Мәселен, Монтана штатында қарда жүретін көлікке, ал Сиэтлда эспрессо кофесіне салық салынады екен.