Өндіріс алпауыттарының моноқалалар тағдыры үшін жауапкершілігін арттыру қажет - Парламенттік тыңдау
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда моноқалада кен өндіретін компанияларды қосылған құны жоғары өнім шығаруға міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Моноқалаларда тау-кен, мұнай-газ, металлургия, химия салаларының ірі кәсіпорындарының басым бөлігі шоғырланғанын ескере отырып, олардың моноқалалар тағдыры үшін жауапкершілігін арттыру қажет. Мұндай кәсіпорындардың экспорт және өндіріс саясатына қосылған құны жоғары өнім ассортиментін кеңейту бағытындағы орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспар әзірлеу міндеттемелерін енгізу қажет деп санаймыз», - деді Сенат депуаты.
Оның сөзінше, бұл талап «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң аясында іске асуы керек.
«Мұндай қадам жұмыспен қамту деңгейін, кірістерді, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру ісінде аса маңызды. Сайып келгенде, барлық қазақстандықтар үшін ұлттық байлықты әділ бөлуге ықпал етеді», - деді Серік Шайдаров.