14:55, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Өндіріс құрылымында импорты жоқ тауарлардың бағасын көтермеу жөнінде тауар өндірушілермен меморандумдар қайта бекітіледі - В. Школьник
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Индустрия және сауда министрлігі өндіріс құрылымында импорты жоқ тауарлардың бағасын көтермеу жөнінде тауар өндірушілермен және ірі сауда желілерімен меморандумдарды қайта бекітуді көздеп отыр.

Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте министр Владимир Школьник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп отандық тауарларды және азық-түлік тағамдарын өндірушілерді қолдау жөніндегі шараларды дайындап жатыр. Қазіргі таңда негізгі тұтынылатын тауарларға талдау жасалып, олар үш топқа бөлінген. Бірінші топқа - 100 пайыз жергілікті шикізаттан, екінші топқа - 30 пайызға дейін импорттық шикізаттан, үшінші топқа - 70 пайыздан астамы импорттық шикізаттан жасалған тауарлар жатады. «Біз импорты көп тауарлар тобына ерекше көңіл бөлуіміз керек, олардың бағасының өсімі обьективті», деді В. Школьник.
Оның айтуынша, ақпанның 16-да бағаға мониторинг жүргізетін жұмыс тобының кезекті отырысы өтеді. Онда бағаны тұрақтандырудың қосымша шаралары әзірленетін болады.