Өндіріс және тұтыну қалдықтарын кешенді басқаруға арналған «Жасыл даму орталығы» құрылады

А. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Елімізде өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаратын «Жасыл даму орталығы» құрылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті,

Өндіріс және тұтыну қалдықтарын кешенді басқаруға арналған «Жасыл даму орталығы» құрылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы негізінде ағымдағы жылы «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» атты бағдарлама әзірленген. Осы бағдарлама шеңберінде «Жасыл даму орталығын» құру көзделуде. Орталық халықаралық тәжірибе негізінде құрылатын секілді. Министрдің айтуына қарағанда, дәл осындай орталықтар Францияда, Оңтүстік Кореяда, Германияда жұмыс істейді екен.

«Орталық өз қызметі барысында, ең бастысы өндіріс және тұтыну қалдықтарын мейлінше жою немесе кәдеге жаратуға қатысты міндеттерді атқарады. Бұл ретте, тарихи ластануларды жою, техногендік минералдық түзілімдер кадастрын құру мен инвестиция тарту шаралары қамтылады. Тұрмыстық қоқыс пен ағынды су кәріздерін тазарту, өнеркәсіптік газдарды тазарту бойынша алдыңғы қатарлы технологияларды ендіру мәселелері де атқарылатын болады. Бұдан басқа Стокгольм конвенциясы бойынша жүктелетін халықаралық міндеттемелер де осы орталық шеңберінде жүзеге асады», деді Н. Әшімов. Оның айтуынша, алдағы уақытта «Жасыл даму орталығы» елімізде қоқыс өңдеу зауыттарын салуға қатысты жұмыстарды атқаратын болады. «Біз бірқатар қалаларда қоқыс өңдейтін зауыттарды қыруар қаржыға шетелдіктерге салғызып жатырмыз. Ал мамандардың сараптамасы бойынша, бұндай зауыттарды өзімізде жасауға болады, оған шамамыз да мүмкіндігіміз де жетеді. Сондықтан алдағы уақытта «Жасыл даму орталығы» осындай зауыттарды салу жобасымен айналысады», деді министр.