16:47, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өндірісшілер сатып алатын тауар мен қызмет түрлерінің 80 пайызы табиғатты пайдаланушылардың үлесінде
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өндірісшілер сатып алатын тауар мен қызмет түрлерінің 80 пайызы табиғатты пайдаланушылардың үлесіне тиеді. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның отандық өндірісшілерден тауар және қызмет көрсету түрлерін сатып алу шаралары туралы алматылық кәсіпкерлермен өткізген алқалы жиынында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұрын табиғатты пайдаланушылар қазақстандық өндірісшілерден алдық деп өздері құрған жеке кәсіпорындардан қажетті қызмет пен тауар түрлерін сатып алатын. Енді біз оған тосқауыл қойып, заңға өзгеріс енгізіп отырмыз. Отандық тауар өндірушілерге өз компоненттерінің 51 пайызы Қазақстанда жасалатын кәсіпорындар ғана енеді», дейді Премьер-Министрдің орынбасары Ө. Шөкеев. Вице-премьердің айтуынша, тауар мен қызмет түрлерін сатып алушыларды 4 топқа бөлуге болады. Біріншісі, бюджеттен қаржыландырылатын - министрліктер, ведомстволар мен әкімдіктер; екіншісі - табиғатты пайдаланушылар; үшіншісі - ұлттық компаниялар; төртіншісі - жүйе құраушы ірі кәсіпорындар. Оған - Қаржы министрі Болат Жәмішев, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов және қала мен облыс әкімдері жауапты болады. Бұл өткен жылы желтоқсан айының ортасында-ақ мәлім болған. Қазір олардың бәрі өздеріне тапсырылған жұмыс бойынша іс-шараларды жүргізуде.