12:38, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
Өндірістегі жарақат туралы еңбек инспекциясы бойынша жергілікті органдардың мәліметтері толық емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өндірістегі жарақат туралы еңбек инспекциясы бойынша жергілікті органдар ұсынған мәліметтер толық болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген біріккен отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлім етті.

«Тексерулер нәтижесіне сүйенсек, еңбек инспекциясы бойынша жергілікті органдар ұсынған мәліметтер толық болмайды. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, жұмыс берушілер мен денсаулық сақтау ұйымдары еңбек инспекциясын өндірістегі әрбір жазатайым оқиға жайында хабардар етуі тиіс», - деді министрдің орынбасары.
Өз кезегінде отырыс барысында депутат Асхат Бекенов түрлі ведомстволардың мәліметтері бойынша өндірістік жарақат алу көрсеткіштері сәйкес келмейтіндігін атап өтті.