Өндірістегі жазатайым оқиғаның 70 пайыздан астамы жұмыс берушінің кінәсінен - Дәулет Арғандықов

«Өндірістік жарақаттану оқиғаларына жасалған талдау деректеріне қарағанда, жыл сайын өндірістерде екі мыңнан астам қайғылы оқиғаға жол беріледі. Оның ішінде 300-ге жуығы адамның өлімімен аяқталады. Сонымен бірге жазатайым оқиғалардың 70 пайыздан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен орын алады. 2014 жылы кейбір кәсіпорындарда адам өлімімен аяқталған екі және одан да көп оқиға тіркелді», - деді министрдің орынбасары.
Д. Арғандықовтың сөзінше, Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясында 6 адам мерт болса, «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-да - 3 адам, «Қазхром» ТҰК» АҚ-да 4 адам, «BI GROUP» АҚ филиалының нысандарында 8 адам қаза болды.
Өндірістік жарақат алудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында тіркелді. Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп үлесі құрылыс, тау-кен-металлургиялық кәсіпорындарда байқалды. Бұл салалардың үлесіне барлық өндірістік жарақаттану оқиғаларының 40 пайызға жуығы тиесілі.