Өндірістерде болған қайғылы оқиғалар бойынша 1,2 млрд. теңге өтемақы төленді - Г. Әбдіхалықова

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 2010 жылы өндірісте алынған залал шығындарын өтеу үшін 52 млрд. теңге жұмсалды.

Өндірістерде болған қайғылы оқиғалар бойынша 1,2 млрд. теңге өтемақы төленді - Г. Әбдіхалықова

Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған KIOSH 2012 конференциясы барысында  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

«Қызметкерлердiң еңбек жағдайларының айналасындағы қолайсыз ахуал маңызды экономикалық  шығындарға әкелiп соғады. Қазіргі уақытта 600 мыңнан астам жұмыскер өтемақы алады. Аталған мақсаттарға 2010 жылы 52 млрд. теңге жұмсалды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп», - дейді министр.

Оның айтуынша, өндірісте орын алған қайғылы оқиғалар салдарынан материалдық шығын көлемі де артқан. Оған кеткен қаржының жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеден асып отыр.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада KIOSH 2012 еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі ІІ Халықаралық конференциясы мен көрмесі өтуде.

Іс-шара Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған және Қазақстанда өндірістерде болатын қайғылы оқиғалардың санын азайту мақсатында ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасатын шара барысында сала мамандарының қатысуымен семинарлар ұйымдастырылмақ.